Түркістан облысында селдің зардабын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, құлаған үйлер мен қора-қопсылар және қырылған мал санына есеп жүргізіп жатыр. Осылайша шығын көлемі анықталмақ. Нөсер жауын мен еріген қар суының кесірінен үйлердің айналасы лай-батпаққа айналып, арық-атыздың арнасынан асқан су тұрғындарға келеңсіздік туғызып тұр.
Толассыз жауған нөсер жауын мен еріген қар суы Бәйдібек ауданындағы Шақпақ және Шаян ауылына зиян келтірді. Тек Шаян ауылының өзінде 20-ға жуық үйдің ауласына су кірген. Қазір су тартылып, қауіп сейілгенмен батпақ басқан жерде аяқ алып жүру мүмкін емес. Ал тұрғындар лай жерге уақытша сабан төсеп қойыпты.
Нұрым Естемесов селдің қарқынын білген кезде бірден көмек шақырғанын айтады. Жаңадан салып жатқан баспанасы бой көтермей жатып құлауынан қауіптенген ол дереу әрекетке көшкен. Алдымен су кіруі мүмкін ашық аумақтарды, тіпті, қақпасын да топырақпен бекітіпті. Бірақ су қарқынына төтеп бере алмаған. Төтеншеліктер көмекке келіп, суды сорғызғанға дейін қолдан келер шара болмаған.
Нұрым Естемесов, Бәйдібек ауданының тұрғыны: «Көп болды су. Жердің тоңының ерімеуі себептерінен болды деп ойлаймын. Су келіп, осы жерге дейін жиналды. Бұған дейін ондай болған жоқ».
Толассыз жауын мен қар суынан болған сел Бәйдібек ауданындағы 5 бірдей елдімекенге қауіп келтірген. Шаян ауылының орталық көшелерінде селдің ізі орылып жатыр. Қашыртқыларға сыймаған су тіпті, арық-атыздың ернеуін де кеңейтіп жіберіпті. Қазір техникалардың күшімен үйлердің ауласы арқылы арық қазылған.
Қанат Әуелбеков, Бәйдібек ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы: «15 техника,180 адам жұмылдырылып, сыйымдылығы сыймай жатқан каналдардан қашыртқыларға, қауіпсіз аймаққа бұрудың арқасында бір сөткеде қауіп сейілді. Жалпы аудан көлемінде 101 аулаға су кірді. Оның ішінде 1 үйдің жертөлесіне су кірді. Жалпы, үйлердің ішіне су кіру оқиғалары орын алған жоқ.»
Шақпақ ауылында қорада қалған 43 бас ұсақ мал да суға тұншығып, қырылып қалған. Құрылған комиссия шығынды есептеп жатыр. Көктемнің жаңбырлы болуынан қауіптенген жұрт ауыл көшелерінде қосымша қашыртқылар қазып жатыр.