Шымкентте 1-наурыздан бастап автобустар кондукторсыз жүреді

Шымкентте 1-наурыздан бастап қоғамдық көліктер кондукторсыз жүйеге көшеді. Ал жолаушылардың жолақысын төлегенін арнайы бақылаушылар тексереді. Осыған байланысты қалада тексеру қызметі өз жұмысын бастады. Жолақысын төлемеген жолаушыға 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал көктемнің алғашқы күнінен бастап мыңға жуық кондуктор жұмыссыз қалды.

Үшінші мегаполисте ертеңнен бастап қоғамдық көліктер кондукторсыз жүреді. Жолаушылар жолақысын төлемеген жағдайда 2 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл төлейді. Ал оны бақылаушылар қадағалайды. Арнайы жабдықталған телефон арқылы жұмыс істейтін жаңа қызмет иелері бірнеше уақыт дайындықтан өткен. Егер жолаушы жолақысын төлеуден бас тартса, бақылаушылар полиция қызметкерін шақырып, айыппұл салады.

Асылбек Мейірбекұлы, бақылаушы: «Мен бұл жұмысқа дейін кондуктор болып істемегенмін. Біздің жұмысты бізге түсіндіріп өтті. Телефонымызда арнайы құрылғы бар, приложение бар. Яғни, кімнің жолақысын төлегені немесе төлемегені белгілі болады. Егер де олар жолақысын төлемесе, 2 АЕК көлемінде оған айыппұл саламыз. Алдағы уақытта әркімді өз жеке аудандарға бөліп береді. Әр ауданда 7-8 адам болып жұмыс істейміз».

Автобустардың кондукторсыз жүйеге көшуіне басты себептердің бірі – тұрғындар тарапынан шағымның көп болуы. Кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқан жүйе көктемнің алғашқы күнінен бастап іске қосылады. Алайда, 1000-нан астам кондуктор нәпақасынан айырылады.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Осы күнге дейін бізде кондукторлар жұмыс істеп келді. Енді қала тұрғындарының тарапынан көптеген шағымдар болды. Соған байланысты кондукторларды қысқарту туралы шешім қабылданды. Бұл алдын ала барлық компанияларға ескертілген. Төлемге келіп жатқан бірқатар бұрынғы кондукторлар контролер болып жұмысқа қабылданып жатыр. Сонымен қатар, жұмыстан босаған кондукторларға жұмыспен қамту орталығынан да бос лауазымдар ұсынуда».

Ерлан Нұрланұлы, Тексеру қызметінің басшысы: «Қазіргі уақытта біз 100-ге жуық адам дайындап отырмыз. Дәлірек айтатын болсақ, 108 адам штатқа алынды. Тағы да 80 адам резервте тұр. Басты мақсатымыз –  автобустарға мініп, тексеру жүргізіп, жолақысын төлемей отырған жолаушылар болатын болса, соларға ескерту жасап, керекті шаралар қолдану».

Ал жолаушылар жолақысын 4 түрлі жолмен төлей алады. Оның қатарында төлем картасы, кьюар арқылы, смс және қолма қол төлеу үлгісі бар. Жауаптылар қала тұрғындары мен қонақтарын жолақысын міндетті түрде төлеуге және қолайсыздық туындамауы үшін қоғамдық көліктің алдыңғы есігінен кіріп, артқы есігінен шығуға шақырды.