Úı ANONS Шымкентте автобустар саны артты: Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету басты назарда

Шымкентте автобустар саны артты: Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету басты назарда

 Биыл Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктер саны едәуір артты. Жаңадан 88 заманауи автобус сатып алынып, қала көшелерінде халыққа қызмет көрсетуді бастады. Қазіргі таңда мегаполисте шамамен 1000 автобус жұмыс істеп, қала тұрғындары мен қонақтарын сенімді және ыңғайлы тасымалмен қамтамасыз етіп отыр. Бұл қоғамдық көліктер қаланың 83 бағытында жүреді. Осылайша олар тұрғындардың әрбір аудан мен кішкентай көшелерге қолайлы қатынауын қамтамасыз етеді.

Бүгінде қоғамдық көлік санының артумен қатар, экологиялық мәселелер де басты назарға алынған. Қала басшылығы қаланы таза әрі ыңғайлы көліктермен қамтамасыз ету мақсатында электробустарды әкелуді көздеп отыр. Сонымен қатар, газбен жүретін автобустардың саны да едәуір артқан. Бұл қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, ауа сапасын сақтауға септігін тигізеді екен. Алдағы уақытта соляркамен жүретін көліктер біртіндеп қолданыстан алынып, экологиялық таза қоғамдық көлікке толық ауысу жоспарланып отыр.

Биыл қаладағы автобустардың төлем жүйесінде де маңызды өзгерістер енгізілді. Жаңа қосымша орнатылып, енді тұрғындар жол ақысын «Автобус» қосымша арқылы төлейді. Бұл тек қолайлылық қана емес, жол жүру процесін жылдамдатуға да мүмкіндік берген.

Сонымен қатар, компания қызметкерлері төлемдердің толық және уақытылы жасалғанын қадағалап отырады. Егер кейбір төлемдер жүргізілмесе, жүйе оны дереу анықтайды. Ал бұл есеп-қисаптың ашықтығын қамтамасыз етеді. Жауаптылардың айтуынша, осындай жаңашылдық қоғамдық көліктегі қызмет көрсету сапасын арттырып, тұрғындардың уақытын үнемдеуге және әкімшілік жұмыс тиімділігін жоғарылатуға айтарлықтай оң әсерін тигізген.

Жүйедегі бұл өзгеріс тұрғындарға ешқандай кері әсерін тигізген жоқ. Енді қала тұрғындары жол ақысын смартфон арқылы оңай төлей алады. Сонымен қатар, бұрынғыдай арнайы жолақы картасын пайдалану да мүмкін және осы картаны жаңарту немесе ауыстыру бұрынғыдан да жеңіл әрі тез жүзеге асады. Осылайша, жаңа төлем жүйесі қолайлылықты арттырып қана қоймай, әрбір тұрғынға ыңғайлы әрі заманауи қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.

«Автобус» қосымшасы Smart Mobility компаниясына тиесілі. Бұл компания арнайы монитор арқылы әрбір автобустың уақытылы кестеге сай жүруін қадағалап отырады. Сонымен қатар, автобустардың жүру интервалына да ерекше назар аударылады, яғни тұрғындар автобустарды көп күтпеуін қамтамасыз ету мақсатында барлық рейстер тиімді ұйымдастырылған. Компания жол ақысын төлеуді де бақылауда ұстайды. Соңғы 11 айдың ішінде олар жол ақысын төлемеген азаматтарға жалпы саны 8 500 айыппұл салды. Осы жүйе арқылы қоғамдық көліктің тәртібі мен сапасы күшейіп, қалалық көліктің жұмысында тәртіп пен жауапкершілік артты.

Жалпы жол ақысын төлемеу бірнеше факторларға да әсер етеді дейді мамандар. Мәселен тұрғындар фиксация жасамаған соң қалаға автобустың жету жетпеуін нақты бақылау қиынға соғады екен. Сондықтан жол ақысы оқушыларға тегін болса да, олар да фиксация жасауы керек. Осылайша автобусарға адам көп мінгені көрініп, әкмдіктің жаңа көліктерді сатып алуына ұсыныс жасалады.

Компания жолаушылармен қатар, жүргізушілерге де қолайлы жағдай жасап отыр. Мәселен, әрбір жүргізуші үнемі байланыста болатын операторлармен хабарласып, қажетті көмек ала алады. Операторлар қойылған сұрақтарға жылдам жауап беруге тырысады, бұл автобустардың уақытылы жүруін қамтамасыз етіп, жүргізушілердің жұмысын жеңілдетеді.

Smart Mobility компаниясы автобустарда тек тасымалдау қызметін ғана емес, танымдық қызметті де жүзеге асырып жүр. Мәселен, қазіргі уақытта қоғамдық көліктерде қазақтың күйі ойнап , Абай Құнанбаевтың қара сөздерімен танысуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, компания алдағы уақытта ұлы тұлғалар туралы ақпаратты да автобустар арқылы жеткізуді жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда Smart Mobility компаниясы қалада 104 ақылды медиа борт орнатуды жоспарлап отыр. Бүгінде олардың 33-і толық жұмыс істеп тұр, ал қалғандарын қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл құрылғылардың арқасында смартфоны жоқ тұрғындар да автобустың бағытын көріп, сапарын дұрыс жоспарлай алады. Сонымен қатар, қаланың бас жоспарындағы өзгерістерге сәйкес, алдағы уақытта қоғамдық көліктің саны да артпақ. Бұл шаралар қалалық көліктің қолайлылығын арттырып қана қоймай, тұрғындардың көлікке деген уақытын үнемдеуге және қала ішінде қозғалысты тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.

Лаура Бабас