25 жыл еңбек өтілі бар азаматтарға зейнетақы тағайындалуы мүмкін

262
фото Егемен

Зиянды жұмыста 25 жыл істейтін қазақстандықтарға зейнетақы тағайындалуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

Мәжіліс кулуарында журналистер Дүйсеновадан шахтер, металлург сияқты зиянды өндірісте істейтін жұмысшыларды зейнетке ерте шығару жоспарланып отыр ма деп сұрады.
Министрдің айтуынша, зиянды өндірісте 25 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан азаматтарға міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы есебінен зейнетақы төлеу ұсынылып отыр. Сонымен қатар осы азаматтарға кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылса, кәсіби зейнетақыға қосымша арнайы төлем тағайындау ұсынылды.
«Жалпы медициналық түсініктемелерге қарасақ, егер азамат 25 жыл бойы ауыр жұмыста істейтін болса, олардың кәсіби жұмысқа қабілеттілігі төмендейді. Сондықтан егер де 25 жыл еңбек өтілі болса, онда біз екі мәселені қарастырып отырмыз. Біріншісі, еңбек өтіліне байланысты жұмыс берушілер аударатын міндетті кәсіби зейнетақы жарналарынан бірден зейнетақы төлеу. Екіншісі, егер де кәсіби еңбек ету қабілетін 5-тен 30 пайызға дейін жоғалтса, сол кәсіби зейнетақыға қосымша сақтандыру қорының қаражатынан төлем төлеу мәселесі қарастырылады», – деп түсіндірді Дүйсенова мәжіліс кулуарында.
Сонымен бірге мемлекет тарапынан зиянды өндірісте істейтін қазақстандықтарды әлеуметтік қолдаудың басқа да шаралары қарастырылуда.
Министр бұл жаңашылдықтардың бәрі әзірге ұсыныс екенін атап өтті. Қазір ведомство сақтандыру компанияларының есептеулерін күтіп отыр.