Инсульттың алдын алу: Шымкентте халықаралық конференция басталды

54

Шымкентте «Инсульт: Пәнаралық мәселе» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференциясы басталды. Екі күнге жалғасатын шарада медицина саласындағы білікті профессорлар инсульт орталықтарындағы оңды істер мен жұмысын дамыту бойынша пікір алмасып, тәжірибелерімен бөліседі.

Ғылыми форумның  арнайы спикері ретінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Алматы, Астана қалаларынан  келген белгілі ғалымдар және  аймақтардағы инсульт қызметтеріне жетекшілік ететін еліміздің штаттан тыс бас невропатологы шақырылған.

Бүгінде аталған ауруға шалдығатындардың қатары аз емес. Медицина мамандары соның алдын алу үшін жұмыла жұмыс істеуде. Дәрігерлер дәл осы ауру түріне қатысты проблемалар мен қол жеткізген жетістіктерді де ортаға салды. Тұрғындар аталған ауруға ұшырамау үшін алдын алу шараларына баса мән беруі керек дейді дәрігерлер. Тұрақты түрде қан-тамырды дәрігерге тексертіп тұру қажет. Жасы 40-тан асқан тұрғындар өзінің тұрғылықты мекенжайына қарасты емханада скринингтен өтуі керек. Сонымен қатар дәрігерге жүгініп, тиісті анализдерді тапсырады. Әрі қарай дәрігер анализ көрсеткішіне байланысты ем-дом тағайындайды.

Конференцияның алғашқы күнінде  Назира Асанқызы Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы инсульт орталықтарының жұмысы туралы баяндадады. Салаға жауаптылардың сөзінше, елімізде 75 инсульт орталығы бар. Ағымдағы жылы мұндай орталықтар саны тағы артады.

Ержан Әділбеков,  Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы басқарма төрағасының орынбасары: «Осы жылы төрт жаңа инсульт орталығы ашылады. Біреуі Түркістан облысында, Түркістан қаласында екінші деңгейден үшінші деңгейге ауысып жатыр».

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын  43 мың  адам инсультке шалдығады. Оның  басым бөлігі ишемиялық инсультке яғни, ми инфарктісіне шалдығатын науқастар дейді мамандар.

Лаура Нақыпқызы