Шымкент қаласының басқарма басшылары халықпен кездесуден қашқақтай ма? Инфрақұрылымды дамыту және білім басқармасының басшысымен кездеу мүмкін емес деген тұрғындар бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің есеп беру жиынына қатысып, шенеуніктерді сынға алды. Сөздерінше, олар азаматтармен тығыз қарым-қатынаста емес. Ал мегаполис басшысы қызметкерлерінің мұндай әрекетінен хабардар ма?
Еңбекші ауданының тұрғыны инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысын сынға алды. Айтуынша, жоспар бойынша биыл жарықтандырылуы қажет көшенің жұмысы кейінге шегерілген. Ал себебін мардымды етіп ешкім түсіндіре алмаған көрінеді. Сондай-ақ, тұрғын басқарма басшысымен кездесу мүмкін емес екенін айтты.
Шәркүл Шорқабай, Шымкент қаласының тұрғыны: «Сіз берген 5 жылдық жоспарда Б. Момышұлы көшесін жарықтандыру жазылған. Мен осы мәселе бойынша инфрақұрылымды дамыту басқармасына барсам, олар «бұл 5 жылдық жоспар, сіздер ол үшін бізге кеп жазуларыңыз керек» деді. Мен осы басқарманың бастығына кіре алмадым. Үнемі жиналыста дейді».
Қала әкімі Мұрат Әйтенов мәселенің мән жайына көз жеткізіп, инфрақұрылымды дамыту басқарма басшысына тапсырма берді.
Жалпы Еңбекші ауданының тұрғындарының басым бөлігі басқарма басшыларын танымайтын болып шықты. Қала әкімімен кездесу барысында, тағы бір тұрғын Шымкенттің бас ұстазы Жанат Тәжиевамен кездесудің мүмкін болмай жүргенін айтты.
«Тәжиевамен мүлде кездеспегенмін. Үнемі орнында жоқ болады. 6 жылда 6 рет барған шығармын, мүлде кіре алмадым»,-деді тұрғын.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
Бүгін кездестірейік екеуіңізді. Жанат Арысбекқызы қашан қабылдайсыз?
— Қазір қабылдаймын.
— Жақсы, ендеше, қабылдап мәселені шешіңіздер. Тұрғындарға айтарым, егер басқарма басшылары қабылдамай жатса, маған айтыңыздар».
Ал Шымкенттің бас ұстазы мұндай ақпаратпен келіспейтінін айтты. Сөзінше, ол барлық әлеуметтік желіде белсенді. Сондықтан тұрғындар тарапынан туындаған сауалды жауапсыз қалдырмауға тырысады. Тіпті, жеке байланыс номерімді де жасырмаймын деген Жанат Тәжиева халыққа қашанда ашық екенін жеткізді.
Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Мен үнемі халықтың сауалына жауап беріп отырамын. Жеке қабылдау өтіп жатыр. Инстаграм, фейсбукта белсендімін. Тіпті, әр бейсенбі күні «Отырар» телеарнасында тұрғындардың сауалына тікелей эфирде жауап беремін».
Есеп беру жиынында бір елдімекеннің мәселесін көтеріп келген ауыл билері де сауалын жолдады. Еңбекші ауданының тұрғыны Жұпаргүл Жанатова орталық көшенің бойында ирригациялық жүйенің жоқ екенін айтып шағымданды. Салдарынан жаңбыр жауса, жол бойы көлге айналады екен.
Жұпаргүл Жанатова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ордабек Жамалов көшесіне лоток қою керек. Ол жерде университет бар, тойхана бар бар. Көше сондай жақсы, бірақ лоток керек».
Жауаптылардың сөзінше, бұл көшеге ирригациялық жүйе орнату үшін қаржы бөлініп қойған. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау жұмысы жүріп жатыр. Көп ұзамай көше жарықтандырылады екен.