«Жүргізуші куәлігін әперемін»: Шымкентте тағы бір алаяқтық жайты анықталды

69

Бүгінде алаяқтықтың сан алуан түрі «гүлденіп» тұр. Әсіресе жүргізуші куәлігін алғысы келетін, бірақ көлік жүргізу емтиханын оқығысы келмейтіндер алаяқтардың «жеміне» айналуда. «Ешқандай емтихансыз, көлік жүргізу куәлігін әперемін» деп тұрғындарды алдап, заңсыз ақша алғандар саны азаймай тұр.

Алаяқтар аталған куәлікті заңды түрде алып беремін деп сендіреді. Алайда елімізде жүргізуші куәлігін сатып алудың заңды болуы тіптен де мүмкін емес.  ҚР Қылмыстық кодексінің 383-бабына сәйкес, ресми құжаттарды сатып алу немесе сату үшін 120 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.

Жүргізуші үшін жол ережелерін білу басты талап болуы тиіс. Одан бөлек, жүргізуші куәлігін заңды түрде автокөлік жүргізу ережелері мен техникасын үйреніп, теориялық және практикалық бөлімдерден тұратын емтихан тапсыру арқылы алуға болады. Содан кейін мамандандырылған ХҚКО-ға сұратылған құжаттар пакетін тапсыру және 1,25 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу қажет. Алайда заңды белден басып, «аңқау елге арамза молданың» кейпіне енгендер оңай олжаға кенелгісі келіп, талайларды сан соқтырып жүр.

 Кезекті алаяқтық жәйті Шымкент қаласында орын алды.2023 жылдың 14-наурызында, күндізгі сағат 15:44-те Еңбекші ауданы полиция басқармасының «102» арнасы арқылы қала тұрғыны арызданды.
Ол арызында, өзі жылдар бойы достасып келген танысы «жүргізуші куәлігін алып беремін» деп сеніміне кіріп, 400.000 (төрт жүз мың) теңге ақшасын алып, алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін көрсеткен.
Аталған дерек ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полиция қызметкерлері хабарламаны алған бойда, жедел іздестіру іс-шараларына кірісті. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты бір тәулік ішінде қала аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 30 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрын-соңды сотты болмаған, уақытша жұмыссыз.
Қазіргі кезде ұсталған азамат алған ақшаны жеке басының пайдасына жаратып жібергені белгілі болды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.