Шымкентте жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан кезінде жол-көлік оқиғасы орын алды: арнайы қызмет көрсету орталығының жаттығу алаңында жаттығу көлігі аударылып қалды, деп хабарлайды OTYRAR.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тез таралды. Видео авторы оқиғаның Асар ауданында болғанын айтады.
Видеода жүргізуші куәлігін алуға сынақ тапсыратын автодромда аударылып қалған көлікті көруге болады. Кадрларға қарағанда оқиға «Асар-2» шағынауданындағы №4 АвтоХҚКО-да (АвтоЦОН) болған. Автокөлікте болған сынақ тапсырушы аман, қатты қорқып қалған.
Аталған оқиға бойынша Шымкент қаласындағы МХҚКО түсініктеме берді.
«Жол-көлік оқиғасына байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы аталған оқиғаның 2026 жылғы 19 қаңтарда Шымкент қаласындағы №4 мамандандырлыған ХҚКО аумағында орын алғанын хабарлайды.
Практикалық емтихан тапсыру кезінде жүргізуші куәлігін алуға келген үміткер тапсырмалардың бірін орындау барысында көлік құралын басқаруда қателік жіберіп, соның салдарынан көлік аударылып кеткен.
Мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетті, сондай-ақ 103 нөмірі бойынша жедел медициналық жәрдем шақырылды. Үміткердің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады.
Аталған оқиға мемлекеттік қызмет көрсету процесіне әсер еткен жоқ, қазіргі уақытта практикалық емтихан штаттық режимде қабылданып жатыр.
Еске саламыз, практикалық емтиханға автомектептерде оқудан өткен, көлік құралын басқаруға дайындығын растаған және тапсырмаларды өз бетінше орындауға қабілетті тұлғалар ғана жіберіледі», — делінген хабарламада.







