Отан қорғаушылар күні қарсаңында Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің жаңа құрамы жасақталды. Жұмысқа кіріспес бұрын барлығы заң бойынша қызмет етуге және адал болуға ант берді. Айта кетейік, бұл азаматтар түзету мекмелері мен түрмелерді күзетеді.
Маржан Сейдалиева енді уақытша ұстау изоляторында жұмыс істейді. Нәзік жанды ер адамдармен иық тіресе қызмет етіп, қылмыскерлерді күзетуден қорықпаймын дейді. Өйткені, Маржанның бойында жауынгерлік қасиет бар. Тіпті, ол, өз бойындағы өжеттіліктің ерлерден кем емес екеніне сенеді.
Маржан Сейдалиева, Шымкент қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкері:
«Жоқ, мен қорықпаймын. Автоматты қолдана аламын. Иә, ұжымда көбі ер адамдар. Бірақ онда тұрған ештеңе жоқ. Қызмет етуге дайынмын».
Бұл құрамның құрылғанына ұзақ болған жоқ. Бүгін жақында ғана қызметке орналасқан жас мамандар заң бойынша қызмет етуге ант қабылады. Олар елге адал болуға уәде берді.
Мұндағы барлық қызметкерлер жас жауынгер курсын аяқтады және жақын арада өз жұмыстарына қайтады. Олар сотталғандар жазасын өтеп жатқан қатаң режимдегі колонияларды күзетеді.