Қисық көшесінің жолы да қисық…

92

Ескі қаладағы Қисық көшесінің сиқы мынау. Тасы шашылып, жол ойылып кеткен. Өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері осында тұратын Бахадыр Рахматтуллаев «Шымқаламыз жылдан жылға көркейіп, сапалы жолдардың саны артуда. Ал біз, қаланың дәл орталығында тұрып тегіс асфальт жолға әлі қол жеткізе алмай келеміз», деп налиды.

Бахадыр Рахматуллаев, Қисық көшесінің тұрғыны: «Жауын жауса аяғымызға  резіңке етік, полиэтилен қапшығын киеміз. Амал нешік. Айналамыздың барлығында жолдарды асфальттеп жатыр. Бізді де ұмытпаса екен. Қашанғы осылай отырамыз»

Тұрғындардың айтуынша көшеге ауыз су жүйесін тартқаннан кейін жөндеу көрмеген жол әбден тозған.

Иосиф Акопян, Қисық көшесінің тұрғыны: «40 жылда неліктен жолымыз жөнделмеген? Әкімдіктердің назарынан неге тыс қалған? Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы бекер сөз бе? Бір көшелерді бірнеше рет жөндеуде. Біз де ел қатарлы тұрғымыз келеді. Электр жарығы, табиғи газымыз бар, лл үшін рахмет. Жолымызды асфальттеп берсе көңіліміз тоқ, қайғымыз болмайды».

Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырым. Оның ішінде: Асфальтбетон жабынды – 2189,5 шақырым, Шағал тас – 935,6, топырақ жол – 122,5 шақырымды құрайды. Бүгінде қаладағы асфальт жолдың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 67,4% пайызды құрайды.

Алтынай Нұрғали, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз  қызметшісі: «Қаланың магистральды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы 236,3 шақырымды құрайтын 297 көшеге жүргізу жоспарлануда. Оның 24 көшесі көлік ағыны жоғары әрі, қоғамдық көлік қатынайтын орталық магистрал көшелер. Жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2021-2025 жылдарға іс-шара жоспары бекітілген. Іс-шараға сәйкес магистралды көшелерге сонымен қатар, елді мекендердің ішкі орам көшелеріне басымдылық берілуде. Қисық көшесі биыл жоспарда бар, орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Жоспарға сәйкес шілде-тамыз айларында құрылыс жұмыстары басталады».

Бүгінге дейін жөндеу көрмеген Қисық көшесінің тұрғыны Павел Тарасов, «бізге тегіс жолмен қоса, балалар алаңшасы да керек» дейді. Сөзінше, аумақта балаларға арналған не спорт, не ойын алаңшасы жоқ.

Павел Тарасов, Қисық көшесінің тұрғыны: «Біздің көшеде балалар көп. Алайда ойнайтын алаң жоқ. Мен қаланы араладым. Шаһардағы әр көпқабатты, жеке секторларда керемет балалар алаңшалары, спорт алаңшалары бар. Қазақстаннан көшіп кеткендер, сағынып қайта келгенде, өзгерістерді көріп, таң қалады. Мен шетелде де болдым. Онда мен мұндай балалар алаңшасын көрмедім. Жылдан жылға көркейіп келеді. Біздің көшенің балаларына да осындай заманауи алаңша салып берсе жақсы болар еді».

Қисық көшесінің бойындағы бос жердің иесі бар ма, жоқ па қазіргі таңда Әл-Фараби ауданы әкімдігі анықтауда. Мамандардың сөзінше, жер телімінің мемлекеттік актісі бола тұрып, осы күнге дейін пайдаланбай келгені анықталса, ол коммуналдық меншікке мемлекетке қайтарылатын болады.