Бүгін мегаполис басшысы Мұрат Әйтенов құрылғанына 5 ай болған Тұран ауданының тұрғындарына есеп берді. Әрі сұрақ-жауап айдарында халықтың жанайқайын тыңдады. Есеп беру жиынында-ақ шешімін тапқан мәселелер болды. Тіпті, кемшілік жіберген сала басшылары әкімнен ескерту алды.
Жақында ғана құрылған Тұран ауданында да проблемалар шаш етектен. Бүгін әкімнің аудан халқымен алғашқы кездесуінде бірнеше басқарма басшылары ескерту алды. Тұрғындардың жанайқайын тыңдап, мәселені шеше алмаған шенеуніктерге мегаполис әкімі нақты тапсырмалар жүктеді. Мәселен, Отырар шағынауданынан келген азаматтар жеделсатының істен шыққанын айтып, 9 жылдан бері арыз жазып келеді екен. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ.
«Лифт өте ескірген. 9 жыл болды осыны сіздерге айтып, арызданып жүргенімізге. Әлі шешілмеді. Соны қалай шешіп бересіздер? Бізде енді 9 қабатты болғандықтан, мүмкіндігі шектеулі жанжарға жаяу көтерілу қиындық тудырады. Мәселені созбалаңға салмай, 2025 жылға қалды деп қалдырмай ертерек шешіп берсеңіздер. Шыдамның да шегі бар ғой»,-дейді Отырар шағынауданының тұрғыны Гүлайым.
«Нұрлы жер» бағдарламасымен берілген үйлерге жеделсаты республикалық бюджет қаржысына орнатылуы керек екен. Бірақ, Мұрат Әйтенов көпқабатты 4 үйдің екеуіне маусым айындағы сессияда жергілікті бюджеттен қаржы сұрап, халықтың проблемасын шешу қажет деді. Сондай-ақ аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына шағынауданға барып, тұрғындармен тілдесіңдер деген тапсырма берді. Өйткені, халықтың мәселесі тек жеделсаты емес. Қордаланған проблема көп. Мегаполис басшысы тіпті кемшілік жіберген шенеуніктерді де жасырып қалған жоқ.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Модернизацияға ақша ала алмай жатқанымыздың барлығы сіздердің кемшіліктеріңізден. Шаршатты. 10 жыл болды. Модернизацияға қаражат қаралған, жасаймыз дейсіздер. Ертең, ендігі апта республикаға шығыңыздар. Түсінікті ғой? Барып, сол ақшаның барлығын әкеліңіздер. Оның әлі конкурсы бар».
Ал Құрсай елдімекенінің халқы жол мен транспорт мәселесін көтерді. Қала әкіміне сауал жолдаған тұрғынның айтуынша, соңғы кездері кедір-бұдыр жолмен жүру мүмкін болмай қалған. Транспорт бақсармасы тек әне-міне жөндейміз деп құрғақ әдемен құтылып жүрген көрінеді.
«Қазір бізде күрделі мәселенің бірі жол. Қоғамдық көлік қатынауы қиын. Халық қалаға шыға алмай қалды. Транспорт басқармасына хабарлассақ нақты жауап айтпайды. Біресе, ертең бастаймыз жұмысты дейді біресе әлі мердігер анықталмады дейді. Осыны шешіп беріңізші»,-дейді тұрғындар.
Белгілі болғандай, бұл бойынша жобалық сметалық құжат әзірленіп мемлекеттік тапсырыс жүргізіліп жатыр. Қала әкімі оның 75 күнге созылатынын айтып, халықты сабырға шақырды. Және, күзге дейін толық шағал тас төселеді деп уәде етті.