Úı ANONS Сауран ауданында ауыл шаруашылығына арналған дрондар өндіріледі

Сауран ауданында ауыл шаруашылығына арналған дрондар өндіріледі

фото ТОӘБҚ
Бүгін Сауран ауданындағы «Шаға» өндіріс алаңында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Сапар мақсаты – ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен таныстыру, өңірдің өндірістік әлеуетін көрсету. Тур аясында БАҚ өкілдері өндірістік алаңда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қызметімен танысып, инвестициялық жобалар жөнінде жан-жақты ақпарат алды. Алғашқы болып «BNK Group» кәсіпорны таныстырылды. Компания — ауыл шаруашылығы саласына арналған технологиялық жабдықтарды өндіретін жетекші қазақстандық кәсіпорындардың бірі саналады. Бүгінде «BNK Group» америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатып суару құрылғыларын құрастырады. Сонымен қатар, кәсіпорында ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылып, агродрондар дайындалады.
Пресс-тур бағдарламасы аясында «Aqniet Holding» кәсіпорнының өндірістік әлеуеті де таныстырылды. Компания білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндіруге маманданған. Соңғы үш жыл ішінде еліміз бойынша 50-ге жуық мектепті заманауи жиһазбен қамтамасыз еткен кәсіпорында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптарына сәйкес өнімдер шығарылады. Сондай-ақ , онда «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп медицина мекемелеріне арналған арнайы жабдықтар өндіріледі.
Сапар аясында «Юпитер-М» ЖШС-ң өндірістік жобасы таныстырылды. Кәсіпорын жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіреді. Жылдық өндірістік қуаты 1750 тоннаны құрайтын зауыт бүгінде толық қуатында жұмыс істеп, өнімдерін ішкі нарықпен қатар Өзбекстан Республикасына экспорттауда. Кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны құрылған.
Сондай-ақ, БАҚ өкілдеріне «TURSAPA» полиэтилен өнімдерін шығаратын зауыттың өндірістік мүмкіндіктері көрсетілді. Кәсіпорында тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы полиэтилен өнімдері мен әртүрлі көлемдегі қоқыс қаптары өндіріледі. Жоба ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Пресс-тур бағдарламасына «Turan Su» кәсіпорнының өндірісі де енгізілді. 2019 жылы құрылған мекеме ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, кәсіпорын индустриялық парк аумағында тамшылатып суару құбырларын өндіретін жаңа зауытты іске қосқан. Өндірістің жылдық қуаты 183 мың шақырымнан астам тамшылатып суару ленталарын, 5 256 дана полиэтилен құбырларын және 2 117 шақырым шлангілерді шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 20 қызметкер екі ауысымда еңбек етеді. Жоба ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған.
БАҚ өкілдерінің назарына «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС жүзеге асырып жатқан агродрондар өндірісі де ұсынылды. Жоба аясында жылына 600 дана ауыл шаруашылығына арналған дрон шығару жоспарланған. Қазіргі уақытта өндірістік алаң дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар толық орнатылған. Алғашқы сынамалық үлгілер әзірленген. Қазіргі кезде жобаны толық іске қосу үшін азаматтық авиация саласындағы тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Бағдарлама аясында «Daulet Holding» кәсіпорнының өндірістік қызметі де таныстырылды. Кәсіпорын жылына 36 500 дана ішкі ағаш есік өндіреді. Өндіріс орнында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Заманауи технологиялар қолданылатын кәсіпорында шикізатты іріктеу, ағашты өңдеу, құрастыру және әрлеу жұмыстары толық өндірістік цикл бойынша жүзеге асырылады.