Елде заңсыз жанармай тасымалына қарсы күрес күшейді. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі құқық қорғау және шекара қызметтерімен бірлесіп, жанар-жағармайды заңсыз шығарудың жүздеген дерегін анықтады. Мамандардың айтуынша, заң бұзушылар түрлі айлаға барып, отынды шетелге заңсыз әкетуге әрекеттенген.
Жанар-жағармайды заңсыз шетелге шығару деректері азаймай тұр. Осы жылдың басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі құқық қорғау және шекара қызметтерімен бірлесіп, 700-ден астам заңсыз тасымалдау әрекетінің жолын кескен. Контрабанда және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІ
«Түркістан облысында мемлекеттік шекараның астымен арнайы жабдықталған туннель арқылы бензинді Өзбекстанға заңсыз тасымалдаған трансұлттық қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Аталған іс бойынша кінәлілер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды».
Ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірі АИ-92 маркалы бензинді Қырғыз Республикасына заңсыз әкетумен айналысқан. Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схема әрекет еткен уақыт ішінде жалпы құны 37 миллиард теңгеге жуық 190 мың тоннадан астам жанармай шетелге заңсыз шығарылған.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІ
«Түрксіб» станциясында жанармайды заңсыз әкетудің кезекті әрекеті әшкереленіп, шамамен 500 тонна заңсыз бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталды. Құны 138 миллион теңге болатын бензин тәркіленіп, мемлекет меншігіне берілді».
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен құзырлы мемлекеттік органдарға мұнай өнімдерін заңсыз сыртқа шығарудың кез келген әрекетіне қатаң тосқауыл қою міндеті қойылды. Бұл – ішкі нарықта жанармай тапшылығын болдырмап, елді жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған.
Лаура Бабас






