Шымкентте 71 жастағы әжей әлі күнге дейін кран тізгіндейді

2238

Шымкентте 51 жылдан бері кран айдайтын зейнеткер әжей тұрады. Шәрбан Тайшикованың жасы 70-тен асса да сүйікті ісінен қол үзгісі келмейді.

Бала кезінен мұғалім болуды армандаған оның бұл салаға келуі кездейсоқ болған. Шәрбан апа 1970 жылы орта мектепті бітіріп, құжат тапсыру үшін училищеге барған. Сол сәтті күліп еске алған ол күтпеген жағдай болғанын айтады. Биіктен қорқатын, тіпті үйінің жанындағы қырға шықса түсе алмайтын қыз кездейсоқ кран жүргізуші мамандығына құжат тапсырған екен. Оның өзі қызық болған. Мектепті тәмамдаған Шәрбан Тайшикова о баста зертханашы болғысы келген. Ол мамандық бойынша оқытатын училищені де тапқан. Құжаттарын алып, оқу ордасына бара жатқанда шатасып басқа училищеге кіріп кетіпті. Қабылдау комиссиясында отырған ұлты орыс әйел жылы қабылдап, барынша оқу орны жайлы ақпаратты түсіндіріп берген.

Сурет авторы: Әйгерім Бегімбет

«Мен бар білетін орысшамның басын құрап, лаборант болғым келетінін зорға түсіндірдім. Ол болса, бұл оқу орнында лаборант оқуы жоқ екенін алға тартып, қыздарға арналған мамандықтарды тізіп шықты. Сөздерінің арасынан кран машинисі дегенді естіп қалдым. Ол кездері каран дегеннің не екенін де білмеймін ғой. Қабылдау комиссиясындағы әйелге «Оқуға түспеймін» деп те айта алмадым. Ол болса құжаттарымды алып, осында оқуда қалуым үшін барын салып  түсіндірді. Сонда қараңыз, «бұл жерде оқымаймын» деп айтуға орысшам жетпеген болып тұр. Әрі сонша түсіндіріп жатқан адамнан құжатымды алып кетуге де ұялдым. Осылайша тіл білмегендіктен не екенін өзім білмесем де кран машинисі мамандығына оқуға қабылданып кеттім»,-деді краншы Шәрбан Тайшикова.

Сурет авторы: Әйгерім Бегімбет

Мүлдем басқа салаға оқуға түссе де Шәрбан Ташикованың мамандыққа деген қызығушылығы бірден ашылған. Теорияны жаттап, краншы дегеннің кім екенін жақсы түсінуге барын салыпты. Өзі түсінбей келген саланы жақсы көріп кеткен ол алғаш кранға отырған сәтін де айтып берді.

«Техникалық мамандықта білім алатын студенттерді бірінші курстан практикаға жібереді ғой. Алғаш практикаға барған сәтім есімде. Кран айдап отырған жігіт маған жоғарыға шығуымды өтінді. Оған биіктен қорқатынымды айта алмадым. Кішкентайымнан биікке шыға алмаймын, қатты қорқамын. Үйіміздің жанындағы қырға балалармен бірге шығып алып, түсе алмай отыратын едім. Ағам келіп түсіріп алатын. Сондықтан қатты қорқып, әрең шықтым. Краншы жігіттің қасында 1-2 сағат тұрдым. Ертеңіне келгенімде сол жерде бір әйел бар еді, менің қорыққанымды сезсе керек. Барынша  қорқынышымды жеңуге көмектесті. Сол кезде бар болғаны 17 жаста едім»,-деді ол.

Сурет авторы: Әйгерім Бегімбет

Шәрбан Тайшикова оқу бітірген соң Кентаудағы «Құрылыс материалдары комбинатының» ағаш өңдеу цехында мұнаралы кран жүргізетін боп жұмысқа кіреді. Міне, содан бері кран тізгіндеп жүргеніне 50 жылдан асқан. Зейнет жасындағы краншының ең биік краны 20 метрлік болған.

Шәрбан Тайшикова денсаулығын аса күтетінін, жыл сайын бірнеше рет медициналық тексеруден өтетінін алға тартты. Себебі сырқаттанып қалып, краннан қол үзгісі келмейді. Әріптестері де білікті маманды зейнеткерлікке жібергісі келмейді екен.

Сурет авторы: Әйгерім Бегімбет

«Мен жұмысымды өте жақсы көремін. Жұмысқа келсем, күнделікті күйбең тіршіліктегі мәселенің бәрін ұмытамын. Бар ынтамды, назарымды жұмысқа беремін. Жауапкершілігін сезініп істеймін. Әріптестерім сондай жақсы адамдар, жұмыста уақытты әрқашан  көтеріңкі көңіл-күйде өткіземін. Зейнетке шыққан соң жолдасым да, балаларым да, жұмыс істеуіме қарсы болды. «Енді демал, жетпей жатқан ештеңе жоқ, біз бармыз ғой» деді. Бірақ маған ақша маңызды емес екенін оларға түсіндірдім. Соңында олар шешімімді қолдады»,- Шәрбан Тайшикова.

71 жастағы краншы бойында күш-қуаты бар кезде елге қызмет ете беремін деп отыр. Адал еңбек етуді азаматтық парызы санайтын зейнеткер сөз соңында кран жүргізу жұмысын бойында жауапкершілігі бар кез келген адам игере алатынын айтты.