Шымкентте пойыздың 18 вагоны аударылып кетті

632

Шымкентте «Игілік» аралығында Игілік-Бадам темір жолының 3266 шақырым учаскесінде 18 вагон, оның ішінде 17 бос вагон аударылып кеткен. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік қызметіне 11 мамырда сағат 16.37-де хабарлама келіп түскен.

«Вагондар «Шымкент-Арыс» бағытындағы №2489 жүк пойызының құрамында (жалпы саны 57 вагон) болды. Оқиға салдарынан әуе электр желілерінің 11 тірегі зақымдалған, темір жол төсемінің ішінара зақымдануы орын алды. Аталған стансада вагондардың істен шығуына байланысты «Алматы-Маңғыстау» бағытындағы №77 жолаушылар пойызы 1 сағат 15 минутқа кідірді. Қазіргі уақытта пойыздардың қозғалысына әсері жоқ» деп хабарлады Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментіндегілер.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына «ҚТЖ» ҰК АҚ-ның  55 қызметкері және 1 қалпына келтіру пойызы күштері жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ.

Оқиға орнына Шымкент қаласы ТЖД басшылығы, жеке құрамның 14 адамы және 4 техникасы жетті.