«Ұранды ердің – ұрпағы қайсар»

137

 

«Ұранды ердің – ұрпағы қайсар»! Ұлы жеңістің 78 жылдығына арналған тағылымды шараның тағы бірі №1 дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатында өтті. Салтанатты жиында оқушылар, айтулы датаның маңыздылығына тоқталып, бүгінгі бейбіт күн үшін ардагерлерге алғыс білдірді.

№1 дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатында жеңіс күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Онда мектеп оқушылары соғыс жылдарын бейнелейтін көріністер қойып, ҰОС батырларына ән мен жырын арнады.


Сымбат Мұсатай, 9 сынып оқушысы: «Бұл жерде оқушылар өлең оқып, ән айтып, көріністер қояды. Сонымен қатар өз құттықтауымызды жеткіземіз. Мен жыр шумақ арқылы жеңіс күніне орай өз құттықтауымды айтатын боламын»

Шараға «Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің ардагерлері де атсалысты. Үсенбатыр Арзықұловтың әкесі 1941 жылы майдан шебіне аттанған. Польша жерінде жан берісіп, жан алысқан батыр 1945 жылы елге аман есен оралыпты. Батырлар ізін жалғаған атай осындай жиындар арқылы балалардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруіміз керек дейді.


Үсенбатыр Арзықұлов, «Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Біздің әкелеріміз 1941-1945 жылдары ҰОС қатысқан. Солардың ізін жалғап, үлгі өнегесін көрдік. Бізді отансүйгіштікке баулыды. Солардың ізін жалғаған ардагерлерміз біз. Енді солардың мықтылығын жастарымызға дәріптеп жатырмыз»

Мерекелік кештің мақсаты өскелең ұрпақтың санасына патриоттық сезімді ұялату және елі үшін жанын берген арда азаматтарды еске алып, келешек ұрпаққа таныстыру.

Еділ Серкебаев, №1 дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Балаларға патриоттық тәрбие беру, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, аға буын өкілдерінен ақыл кеңес алу мақсатында ұйымдстырылып жатыр. Қазір ҰОС ардагерлері саны азайып кетті. Олардың аруағы үшін, бізге жасап кеткен тыныш өмірі солардың жемісі, ерлігі. Сол кісілерді құрмет тұту, еске алу мақсатында өткіздік»

«Ұранды ердің – ұрпағы қайсар» шарасы әскери парад түрінде өткізілді. Онда оқушылар әскери киімде соғыс жылдарында ел қорғаған батыр бабалар ерлігін еске алды.