Жанар-жағар майды заңсыз тасымалдаудың жолын кесу мақсатында рейд басталды

12

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шекараға жақын облыстарда тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын анықтау бойынша Түркістан облысында рейдтік іс-шара басталды. Яғни ағымдағы жылдың 15-20 мамыр аралығында тәртіп сақшылары, көліктік бақылау инспекциясы мен жергілікті атқарушы органдарды жұмылдыра отырып, елден тыс жерлерге жанар-жағар май материалдарын шығаруға жол бермеу бойынша тексеру шаралары жүргізілуде.

Бұл ретте тиісті рұқсатсыз жанар-жағар май бактарын орнату жолымен көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу деректерін анықтау мен жолын кесуге назар аударылуда.
Осы бағытта Түркістан облысы Сауран ауданы Сауран шеп бекетінде полицейлер автокөліктерді тексеріп, қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бекет «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трассасы бойында орналасқандықтан, жүк көліктері, транзиттік және шетелдерге бағыт алған автокөліктер көптеп өтеді.
Өз кезегінде Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытқали Кенжебаев: «Барша жүргізушілерді жолдағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын! Жанар-жағар майды заңсыз тасымалдауға жауапкершілік бар, соны ескеріңіздер. Заңсыздыққа жол жоқ! – деп атап өтті.