Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша акция ұйымдастырылды

Шымкентте 25 сәуір мен 25 мамыр аралығында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында «Мейірім-жүректен» атты акция өтеді. Білім беру ұйымдарындағы бір айлық іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы буллинг пен қылмыс санын азайту. Мамандар биыл 3 айдың ішінде кәмелетке толмағандармен байланысты 30 құқық бұзу фактісі тіркелгенін айтады. 

Шымкентте, өткен 3 айдың ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 30 құқық бұзу фактісі тіркелген. Мұндай заңсыздықтардың алдын алу үшін білім беру ұйымдарында 1 ай көлемінде «Мейірім-жүректен» акциясы өтеді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу мен санын азайтуға бағытталған бастама аясында, мектеп пен арнаулы оқу орындарында, тіпті балабақшаларда түрлі іс-шаралар өткізілуде.

Индира Төртбаева, №23 «Жеңіс» бөбекжай балабақшасының мұғалімі: «Жасөспірімдерге үлгі болу мақсатында мейірімділік танытуымыз керек, балалардың бойына сіңіруіміз керек. Балалар балабақшаға кіргеннен бастап, жылы қарсы алып, балалардың бір-бірімен қатынасында да жылы сезімді бойына сіңіріп, ойын барысында да мейірімділік танытатын ойындарға мән беріп, олардың көріп отырған ертегілерінің де мағынасына мән беріп, мейірімділікті бойына сіңіруіміз керек».

Акцияға Шымкент қаласындағы 135 жалпы білім беретін мектеп те белсене қатысуда. Мұнда оқушылар мен ата-аналар арасында түрлі тренингтер жүргізіліп, тәрбие сағаттары өткізіліп жатыр дейді мамандар.

Бүгінде 2000-нан астам оқушы білім алатын мектепте ата-аналарға арналған клубтар, сондай-ақ, балалармен байланыста мұғалімдермен бірге жұмыс атқаратын үштік одақ жұмыс істейді.

Берікбай Елтайұлы, №135 жалпы білім беретін мектебінің директоры: «Мектебімізде, әжелер, аталар, аналар, әкелер клубы жұмыс істейді. Одан кейін ең бір ерекше жас аналар клубы жұмыс жасайды. Жас аналардың өзіне бізде психологиялық көмектер, балалармен қалай жұмыс жүргізу керектігін арнайы үйретіліп отырады».

Жалпы биыл 3 айдың ішінде кәмелетке толмағандармен байланысты 30 құқық бұзу фактісі тіркелген. Мамандар мәселемен күресу мақсатында ювеналды полиция есебіндегі оқушыларға тәлімгер бекіту, түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыстыру – негізгі міндеттің бірі екенін атап өтті. Ал өткізіліп отырған түрлі іс-шаралар ата-аналардың келісімімен күн тәртібіне енгізілген.