Úı ANONS «Хватайки»: Жасөспірімдер үшін ойын ба, әлде алдамшы жүйе ме?

«Хватайки»: Жасөспірімдер үшін ойын ба, әлде алдамшы жүйе ме?

Қармауыш, яғни, қоғамда кеңінен Хватайки атымен танымал  ойын автоматы бала үшін зиян ба? Тиындап теңге салып қалтадан қағылған  жасөспірімдер көп пе? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында біз Шымкент жастарының пікірін біліп, ойынның бүгінгі танымалдылығын зерделеп көрдік.

Жастардың айтуынша, «хватайки» алғашында ерекше қызығушылық тудырады. Жарқыраған ойыншықтар мен оңай ұтып алатындай көрінетін ойын, көпшілікті өзіне тартады. Алайда уақыт өте келе олардың басым бөлігі бұл ойынның сәттілікке ғана емес, белгілі бір деңгейде алдамшы жүйеге құрылғанын түсіне бастаған. Түсінген жұрт бұл ойынға қайта-қайта ақша салудың тиімсіз екенін айтады.

«Ақтөбеде ондай заттар жетеді. Басында қызық үшін ойнайсың. Құмар боласың сосын. Өзімде сондай болды. 1000-1200 теңге салып қойыппын. Оны әдейі жасайды ғой. Ақша жасау үшін. Заттар алмайды. Былай айтқанда лохотрон дейді».

 

«Мен соңғы рет Бішкекте ойнадым. Ойыншық ала алмадым. Магазиндерде тұрады. Бір рет ұтып көрмеппін».

«Бір рет қана ойнап көрдім. Өзіме ұнамайды. Сенбеймін ол ойынға.  Қалтада тиын бар болса сол кезде ойнамаса, оған беріліп кеткен адамдарды көрмедім. Өзімнің айналамда жоқ ондай адамдар».

«5 рет ойнаған шығармын. 50 теңгеден. 300 теңгедей құрттым. Екі-үш рет ұттым. Жұмсақ ойыншықтарды. Ініме, қарындасыма апарып бердім».

 

Қармауыш ойын автоматтарына қатысты мәслихат төрағасынан да пікір сұрап білдік. Сөзіне сенсек, оны тиісті сала мамандары жан-жақты зерттеп, нақты дәлелдермен негіздеуі қажет. Егер шынымен де оның жасөспірімдерге немесе қоғамға кері әсері дәлелденсе, онда заң аясында тиісті шектеулер енгізіп, қажет болса толық тыйым салу мәселесін қарастыру орынды дейді.

 

БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ: «Мен ол мәселені зерттеп көрген жоқпын. Депутаттар айтып жатса, егер де депутаттар айтып жатса, ол ойдан құрап айтпайды. Психологтардың және де осы  өмірде болып жатқан нәрселерге байланыстырып жатқан шығар. Егер баланың денсаулығына кері әсер тигізіп жатса, бізде осы өскелең ұрпақтан артық ештеңе жоқ. Оны мемлекет те, депутат та қорғауы керек».

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласында бірқатар депутаттар «Хватайка» секілді ойын автоматтарына қатысты заңнаманы қатаңдату мәселесін көтерген болатын. Халық қалаулылары мұндай ойын түрлері жасөспірімдерді қызықтырып қана қоймай, кей жағдайда қаржылық шығынға итермелеуі мүмкін екенін алға тартқан еді. Сондай-ақ, бала психологиясына әсер етуі мүмкін екенін айтқан болатын.

Нұргүл Жолымбетова