«Аптап ыстықта 40 шақырым жүгірткен». Шымкентте әскери қызметші көз жұмды

8689

Шымкентте әскери бөлімнің қызметшісі қашықтыққа жүгіру жаттығуынан кейін көз жұмды. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 маусымда 6506 әскери бөлімінде жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, әскери қызметшілер ойлы-қырлы жерлерде қашықтыққа жүгіру жаттығуын өткізген. Жаттығудан соң Б. есімді әскери қызметші өзін нашар сезініп, оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Кейін ол Шымкент қаласының №1 ауруханасына шұғыл түрде жеткізіліп,  жансақтау бөліміне жатқызылған. 16 маусым күні сағат 17.15 шамасында әскери қызметші қайтыс болды.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының және ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің қолбасшылығы әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады. ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды», — делінген  өңірлік қолбасшылық мәліметінде.

Шымкенттік белсенді Бақытжан Көпбаевтың желі парақшасында жариялаған видеодағы мәліметке сүйенсек, марқұм болған әскери қызметшінің денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Тек әскери бөлімдегілер қызметшілерді күннің аптап ыстығында 40 шақырымдай қашықтыққа жүгірткен екен. Белсендінің айтуынша, жаттығудан кейін біраз сарбаздың жағдайы нашарлаған. Соның ішінде екі офицер ауруханаға ауыр халде түскен. Соның бірі капитан шеніндегі әскери қызметші қайтыс болған.