Шымкентте әскери бөлімге тиесілі жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Бас әскери прокуратура хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы әскери мүліктің сақталуы мен мақсатты пайдаланылуына жүргізілген тексеру барысында заңбұзушылықты анықтаған. Белгілі болғандай, жалпы аумағы 87 гектардан асатын жер учаскесі осыдан 27 жыл бұрын заңсыз түрде жекеменшік құрылымдардың иелігіне берілген. Кейін ол бірнеше рет қайта сатылған.
«Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы қадағалау шаралары барысында Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің біріне тиесілі, жалпы аумағы 87 гектардан асатын жер учаскесінің 1999 жылы заңсыз түрде жеке меншік құрылымдардың пайдасына берілгенін және кейіннен бірнеше мәрте қайта сатылғанын анықтады»
БАС ӘСКЕРИ ПРОКУРАТУРА
Заңдылықты қалпына келтіру мақсатында гарнизон прокуратурасы әскери бөліммен бірлесіп жұмыс жүргізген. Нәтижесінде сот сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп таныды. Осылайша құны 1 миллиард теңгеден асатын жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, әскери ведомствоның балансына берілді.
Дилара Иса






