35748 әскери бөлімі оқу жылының қорытындысын шығарды. Көрме орталығында өткен жиынға әскери қызметшілер, олардың отбасы және ардагерлер қатысты. Жиналғандар бірлік пен қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Бүгін Шымкенттегі ең үздік жауынгерлер анықталды. 35748 әскери бөлімі оқу жылының қорытындысын шығарып, өз бригадаларының төзімділігі, батылдығы мен кәсібилігін көрсетті. Жауынгерлік дайындық, әскери тәртіп, тыл қызметі, қару-жарақ пен әскери техникамен жұмыс бағыттары бойынша жасалған жалпы рейтинг әрбір сарбаздың қажыр-қайраты мен шеберлігін айқындап берді.
ЕРЖАН САБЫРБЕКҰЛЫ, ТАНК БАТАЛЬОН КОМАНДИРІ: «Биылғы жылда көптеген тактикалық жаттығулар, атыс жаттығулары орындалды. Сол атыс жаттығуларында жақсы нәтиже көрсеткен бөлімдер мен бөлімшелер дәл қазір марапатталып жатыр. Және өзім басқарып отырған жеке құрам танк батальоны биылғы қорытынды бойынша бірінші орынга ие болды. Біз осы жауынгерлік дайындықты жоғары деңгейде ұстап, ары қарай арттыруға тырысамыз»
«Біртұтас ел – біртұтас жер» ұранымен өткен оқу жылы офицерлер мен сержанттардың кәсіби шеберлігін арттыруға және штабтардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге арналды. Далалық оқу-жаттығуларда командирлер жеке құрамның даярлығына ерекше көңіл бөліп, кіші командирлерді бөлімшелерді тиімді басқаруға, қару-жарақ пен әскери техниканы дұрыс қолдануға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға бағыттады.
ШЫМКЕНТ ГАРНИЗОНЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
«Өткен оқу жылында бригада бөлімшелерінде 13 кенеттен тексеру өткізілді. Нәтижесінде бөлімшелер «Жауынгерлік дайын» деген жоғары баға алды. Сонымен қатар 6 командалық-штабтық және бірлескен тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Оқу-жаттығуларды тексерген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық комиссиясы бригада басқармасы мен батальон штабтарының жұмысына «Жақсы» деген баға қойды».
Айта кетсек, биыл Оқу полигондарында жауынгерлер шеберлігін шыңдайтын 30-дан астам атыс жаттығулары мен 2000-нан астам оқу және бақылау атыстары өткізілген. Сондай ақ, шамамен 1000 жауынгерлік машиналарды жүргізу сабақтары және 70-ке жуық үйлестіру шаралары ұйымдастырылған.
Лаура Бабас







