«Ауыл аманаты»: Жобаға қызығушылардың қатары көп

36

«Ауыл аманаты» жобасы Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында қолға алынып отыр. Мол қаражат бөлінген жобаның нәтижесі де жоғары болады деген сенім бар. Жобаның басты мақсаты – ауылдағы жұмыссыздықты жою, ауыл халқын жеке кәсібін дөңгелету арқылы табыс табуға үйрету, осы бағытта қолдау көрсету болып табылады.

Жобаның көптеген артықшылықтары бар. Мәселен, жеке кәсіппкен айналысып, кооператив құрамын дегендерге 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Сонымен қатар, ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар. Бұрын соңды мұндай жоба қолға алынбаған. Өте төмен пайызбен берілетін несиеге қол жеткізуге құмбылдардың қатары артып отыр. Одан бөлек, агроөнеркәсіп саласында кәсіби біліктілігі мол мамандардан тегін кеңестер беріледі. Ал, әлеуметтік кәсіперлік корпорациясы кооперативтердің жұмысын үйлестіріп отырады. Бұл да болса үлкен қолдау. Мемлекет тарапынан жасалып отырған мұндай қамқорлықты насихаттау жұмыстары басталып та кетті. Ауыл халқының жобаға деген қызығушылықтары жоғары.

Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы республикалық бюджеттен облысқа 20,0 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болып отыр.

Осыған байланысты, Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауылы округіне қарасты Мәдениет үйінде ауылдың жеке кәсіпкерлері мен тұрғындарымен кездесу өтті. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары, «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалының директоры, «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының және «Ырыс» микроқаржы ұйымының аудандық филиалдарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында ауыл тұрғындарына аталған бағдарламаның мол мүмкіндік екенін, жеке кәсіпті бастап кетуге қолайлы шарттары бар екендігі жан-жақты түсіндірілді. Осы жобаның арқасында бүгінде жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Ауылшаруашығы мен егін шаруашылығын дамытып, оларды өңдеу, жеткізу, сату барлығын жүргізіп отырған кәсіпкерлердің саны артқан.

«Ауыл аманаты» жобасымен танысқан қызылқиялықтар жоба аясында қызықтырған сұрақтарын қойып, өздерінің бизнес идеяларымен бөлісті, жобаны жетілдіру бойынша ұсыныстарын да жеткізді. Түсіндірме жұмыстары аудандағы өзге де ауылдарда жалғасын табатын болады.