Úı ANONS «Аяз Атаға хат»: Орындалған арман

«Аяз Атаға хат»: Орындалған арман

Жаңа жыл қарсаңында «Отырар» телеарнасы кішкентай жүректерге қуаныш сыйлай білген «Аяз атаға хат» жобасын жүзеге асырды. Демеушілердің қолдауымен атқарылған игі бастамада бүлдіршіндердің ақ параққа жазылған тілектері орындалды. 

«Диас, сен велосипед қаладың ба?

— Иә.

— Ендеше міне, сенің велосипедің».

Арманға толы хаттардың бірі Диясқа тиесілі. 11жастағы болашақ полицей  шын жүрегімен  қалаған бала тілегінің бұл жолы да жауапсыз қалмағанына қуанышты.

ДИЯС ДАНИЯР: «Өз сыйлығымды алғаныма қуаныштымын. Аяз атаға хат жазғанмын. Сол жетіпті. Мен велосипед қаладым. Аяз ата маған соны сыйлады».

Ғажайыпқа толы мерекенің ғажабына бөленген бүлдіршіндер тек сыйлық қана алып қоймай сүйікті кейіпкерлерімен ойын-сауық құрды. Кішкентай әрі қарапайым дүниеге қуана білетін балалар үшін бұл күн естен кетпес ерекше сәт болды. Ал ата-ана үшін баласының қуанышынан артық не бар?

НҰРСҰЛУ ИБРАГИМОВА: «Бүгінгі күнім керемет болды. Жаңа жылдың бастауы өте зор болды. Маған ұнады. Менің бала-шағама да ұнады. Өте-өте керемет. Алғысым шексіз. Барлықтарыңызға жаңа жыл тек қана қуанышпен келсін».

«Аяз атаға хат» жобасы көңілдерге мейірім төге білген «Отырар» телеарнасының алғашқы бастамаларының бірі.

САРБИНАЗ АЛДАБЕРГЕНОВА, «ОТЫРАР» ТЕЛЕАРНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Тек Жаңа жыл емес. Әр мереке қарсаңында балалардың осындай қуанышын, балалардың арманын орындау ол әр ата-ананың, әрбір үлкен азаматтың парызы деп білемін. Жалпы «Отырар» телеарнасы бұл жобаны қолға алғандағы ең басты мақсаты сол балаларды қуанту болды».

Жобаға балалар «Добряки Шымкент» қайырымдылық қорының ұсынысымен таңдалды. Қазірде бұл қорда 2 мыңға жуық мұқтаж отбасы тіркелген.  Еріктілер Қажеттілігі бар отбасылар өздері көмек сұрап келеді дейді.

ГҮЛНАРА СӘЛМЕНОВА, «ДОБРЯКИ ШЫМКЕНТА» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЕРІКТІСІ: «Олар өздері бір-бірінен естіп келеді. Кейде болады инспектр бар Диана деген. Ол да жаңағы проблемалы отбасыларды көріп қалса, оларға көмек керек болса бізге ертіп келеді».

Мерекеге орай барлық отбасыларға дастарханға арналған азық-түлік пен жеміс-жидек берілді. Онкологиялық науқасы бар бүлдіршінге тіпті жаңа диван сыйланды. Шынайы жаңа жылдық ғажайып — тек сыйлықта емес, мерекеден кейін де жүректе қалатын қамқорлық пен махабатта.

Ботакөз Әнуар