Алдағы мерекелердегі шуақты күндер жауын-шашынға алмасады. Десе де, биыл Шымкентте көктемде ауа-райы жылы болмақ. Тіпті, бейсенбі күні ауа температурасы 30 градусқа дейін көтеріледі деген болжам бар. Алайда синоптиктердің мәліметінше, бұл климаттық жайлылық ұзаққа созылмайды. Қазақстанның басым бөлігіне келген атмосфералық ағынның салдарынан жауын шашын, найзағай ойнап, екпінді жел тұрады.
АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: «5 мамырда елдің солтүстігінде, 6–7 мамырда батысында қатты жаңбыр күтіледі. Республиканың батысында түнгі және таңғы уақытта тұман болуы ықтимал. Жалпы республика бойынша ауа температурасының аздаған ауытқуы болжанады. Елдің оңтүстігінде күндізгі температура 22–32 градустан 27–36 градусқа дейін көтеріледі, ал оңтүстік-шығыста 15–30 градустан 20–35 градусқа дейін жылынады»
Шымкентке жауын-шашын апта соңына қарай жетеді, ал алдағы демалыс күндері – 9, 10 және 11 мамырда синоптиктер жаңбыр жауады деп болжайды. Сонымен қатар, жауын-шашынға қарамастан, оңтүстікте ауа температурасы төмендемейді.
Шынар Оразова






