28 қараша күні «Отырар» телеарнасының 33 жыл мерейтойы. Арнаның туған күніне орай көрермендерді үлкен мерекелік тікелей эфир, сыйлықтар, тосынсыйлар және арнаның негізін қалаған тұлғаларымен сырлы сұқбат жүргізіледі. Арна өзге қандай тарту даярлады?
«Отырар» телеарнасындағы мерекелік эфир – бұл жерде көп жылдан бері сақталып келе жатқан жақсы дәстүр. Биыл да бұл дәстүр жалғасын табады. Таңғы 9-дан арна 6 сағаттық тікелей эфирді бастайды. Студияда – тікелей қосылымдар, ұтыс ойындары, сыйлықтар және бүгінгі «Отырарды» қалыптастырған адамдардың әсерлі әңгімелері болады.
«Отырар» оңтүстіктегі алғашқы жекеменшік телеарналардың бірі. Оның тарихы 1992 жылдан бастау алады. Осы жылдар ішінде қанатын кеңге жайған «Отырар» бүгінде елге белгілі, беделді журналистерді қалыптастырған қара шаңыраққа айналды. Көпшілік үшін бұл арна – үлкен мектеп, кәсіби шыңдалу алаңы және журналистикаға жол ашқан алғашқы баспалдақ болды. Осындай шәкірттің бірі — Оксана Петерс
Жетінші арна арқылы көпшілікке белгілі журналист қазақ тілде сөйлеген алғашқы өзге ұлт өкілі. «Қазақстанда тұрғасын, кім кімнің де мемлекеттік тілді білуі — парыз» деп санайтын, және бұны өмірлік ұстаным еткен Оксана өзгелерге де қазақ тілін дәріптеп жүргендердің бірі
33 жылдық тарихы бар бұл телеарна алғашқыда жұмысын жергілікті арна ретінде атқарған. Қазірде көрерменнің ықыласына бөленген беделді арнаға айналды. Бүгінде телеарна республикалық деңгейде қызмет көрсетеді және әр қалада өз меншікті тілшілері бар.
Шуддин Саидов, «ОТЫРАР» медиахолдингінің директоры: «Бүгінгі таңда «Отырар» тарихында болмаған меншікті тілшілер қосынын енгізуді бастадық. Біздің тілшілеріміз Мәскеу қаласында бар. Астана, Алматы, Атырау, Ташкент енді Стамбулда да ашылмақ»
«Отырар» телеарнасы түрлі дағдарыстар мен өзгерістерді бастан кешірді, қиын кезеңдерден өтті. Дегенмен бір нәрсе анық және өзгеріссіз. Ол көрерменге деген құрмет пен олардың шынайы ақпарат алу құқығы. 28 қараша күні таңғы 9-да «Отырар» барша көрерменді мерекелік тікелей эфирге шақырады, 33 жылдық мерейтойды бірге атап өтейік.
Ботакөз Әнуар






