Шымкентте Құрбан айтқа дайындық қыза түсті. Арнайы мал сою бекеттерінде жүздеген қой мен ірі қара сатылымға шығарылған. Мамандар құрбандыққа шалынатын малдың барлығы ветеринарлық тексеруден өткенін айтады. Ал жауаптылар тұрғындарды малды бейберекет жерде емес, арнайы орталықтарда союға шақырып отыр. Себебі сақтық шаралары сақталмаса, түрлі жұқпалы аурулардың таралу қаупі бар. Құрбандыққа арналған мал бағасы қанша? Арнайы бекеттерде қандай талаптар қарастырылған?
Бұл Бозарық ықшам ауданындағы арнайы мал сою бекеті. Дәл қазір мұнда Құрбан айтқа қызу дайындық басталған. Орталық мәліметінше, 600 шамасында уақ мал, 20 шақты қара мал дайындалған. Оның бәрі құрбандыққа шалу талаптарына сай. Жалпы малшылар малды бағып, баптап, союға дайындауға жарты жыл уақыт жұмсаған.
САЙДМАХМУДХАН ИШАНКУЛОВ, САТУШЫ: «Қазір бізде 600 шамасында қой дайын тұр. Құрбандыққа жарайды. Ветеринарлық тексеруден өткен, анықтамалары бар. Дендері сау, өзі семіз. Құрбандықтың шарттарына сәйкес. 20 шақты қара малымыз бар. Құрбандыққа сәйкес».
Қазірдің өзінде тұрғындар соятын малды таңдап, таңбалап, нөмірлеп кеткен. Сатушылар шамамен 100 уақ төрт-түлікті тұрғындар сатып алғанын айтады. Қойдың құны салмағы мен жасына қарай 90 мың теңгеден басталып, 150 мың теңгеге дейін жеткен. Орташа баға – 120 мың теңге шамасында. Айт күндері тұрғындар бірінен соң бірі кезекке тұрады. 25 қасапшы жұмыс істейді.
Қала аумағында ветеринариялық-санитарлық талаптарға сай 3 мал сою орны бар. Орталықтар жан-жануарлар арасында, адамдарға аса ауыр жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу үшін салынған. Бұл әсіресе Құрбан айт мерекесі қарсаңында елеп, ескеретін жайт. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы құрбан шалуға ниет еткен тұрғындарды осындай орталықтарға баруға кеңес береді.
ЕРЛАН ӘДЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Қала аумағында тұрғындар мен қонақтарға жеке аулаларда, белгісіз орындарда мүмкіндігінше мал соймауға шақырамыз. Себебі малдың клиникалық белгілерін ветеринарлық дәрігердің қарауынан өтпеген малдардан әртүрлі ауру қаупі тууы мүмкін. Сол себепті бірінші өзінің денсаулығы, сосын қоршаған ортаның денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында тек қана арнайы ветеринар құжаты бар , құлағында сырғасы бар бірдейлендірілген, тіркелген, мал бастарын ғана союды, ветеринар дәрігерлердің қарауынан, тексеруінен өткен малдарды ғана союды сұранамыз».
Мал сою бекеттері Бозарық ықшам ауданында, Қапал батыр көшесі мен Қазығұрт ықшам ауданы және Сайрам ауылында орналасқан. Басқарма мәліметінше, онда тиісті талаптар толық сақталған. Кәсіпкер бағаны өзі қойғанымен, нарықтағы заңдылықты сақтайды. Қандай да бір қауіптің алдын алу мақсатында Құрбан айт күні ветеринарлық инспекция жағдайды бақылайды.
Дилара Иса






