Түркістанда жыл басынан бері 110 мың гекктар жер мемлекетке қайтарылды

37

Түркістан облысында 360 мың мал басына жайылымдық жер тапшы. Сондықтан мамандар жыл басынан бері 110 мың гектар алқапты ел игілігіне қайтарды. Алайда былтырғы көрсеткіштер санында бірқатар қате кеткен. 

Түркістан облысы мал шаруашылығымен айналысу бойынша алдыңғы орында. Алайда аймақта жайылымдық жер тапшылығы бар. Сондықтан 3 жылдан бері игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекетке қатару бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда биыл 110,5 мың га алқап мемлекет меншігіне берілді.

Ерғали Тілеген, Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы: «2023 жылы 2 бағыт бойынша жұмыс жүргізудеміз. Бірінші бағыт бойынша 333,2 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне ортақ жайылымға қайтару көзделген. Екінші бағыт бойынша жалпы ортақ жайылым қажеттілігінен 681,8 мың га төмендету, яғни елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру және аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын құру бағыттарында жұмыстар жүргізу жоспарланған»

Өңірде 360 мың мал басына жайылымдық жер тапшы. Ал былтыр Бәйдібек ауданында жоспарға бекітілген учаскілер мемлекет игілігіне қайтарылмаған. Оған қоса жылдық есептегі ақпаратта бірқатар қателіктер кеткен. Сондықтан өңір басшысы мамандарға бұл істі назарда ұстауды тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Инспекция мен облыстық прокуратураның мәліметі екі түрлі. 2022 жыылы 522 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды деп есеп бергенсіздер. Ал Прокуратураның есебіне сәйкес небәрі 327 мың гектар жер қайтарылған. Нақтылаңыздар. Қағаздағы мәлімет пен іс жүзіндегі жұмыстар сай келуі керек. Ауыл шаруашылығы саласы – экономикамыздың басты драйвері. Сондықтан бұл саланы дамыту да, халыққа қолайлы жағдай жасау да өте маңызды. Бұл мәселе тұрақты бақылауда»

Айта кетейік, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1 012 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Жыл қорытындысымен облыс тұрғындары 1 034,8 мың га ортақ жайылыммен қамтамасыз етілді.