Сарыағаштықтар кісі қолынан көз жұмған бес жасар бүлдіршінді жер қойнына тапсырды

111

Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды азаптап өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз. Айтулы факті бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округінде орын алған қайғылы оқиға бойынша  Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне мән-жайды мұқият тексеруді тапсырған болатын.

Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды асқан қатыгездікпен азаптап өлтірді деген күдікпен бұрын сотты болған ер адам қамауға алынды. Сау тамтығы қалмаған бүлдіршіннің денесін күдіктінің үйінен ауыл тұрғындары тауып алған. Қас-қағым сәтте қызынан көз жазып қалған ата-ана 5 жасар бүлдіршіннің үйден шығып қайта оралмағанын айтып аудандық полицияға арызданған да екен.

Бұрын сотты болған көршісінен секем алған қыздың әкесі күдіктінің үйіне де бірнеше рет барған. Тек үшінші рет барғанда  ауыл болып іздеген бүлдіршіннің алдымен киімін, сосын мәйітін дәл сол көршінің үйінен тұрғындардың бірі тапқан.     

Ержан Ахметов, Сарыағаш ауданының тұрғыны: «5-6 бала болып іздедік, осы үйге кірдік, сөйтіп ақырында киімі шықты қыздың. Киімі шыққаннан кейін алдыға қарай іздеп шықтық, бүкіл  жақты іздеп жатыр едік. Шатырға қарай кеттім жолдас баламмен, шатырда шифер тұрған еді. Шиферды басып қалған едім. Киімсіз қыз жатыр екен».

48 жастағы көршісінің үйінен мәйіті табылған қаршадай қыздың туыстары мұндай  қатыгездікті тек бір адамның жасауы мүмкін емес, қылмысқа бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін деп отыр. Сондықтан олар барлық күдіктілердің заң алдында бірдей қатаң жазалануын сұрайды. Айта кетейік, сезікті бұрын кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Ал биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған екен.

Ерғали Ережепов, марқұмның ағасы: “Көрдік,  сәбиді бет аузын ұрған, шыңғырған болса айқайлама деп ұрған ба, пышақтап тастаған, қалай деймін де сәбиге осыншалықты дәрежеге барғанына миым жетпейді. Мақсатымыз әділ жазасын алса, іс бұрмаланып  кетпесе. Сыбайластарымен бірге қатаң тәртіпте жазаланса,мақсатымыз сол”.

Бүлдіршіннің туыстарының сөзінше, ауыл адамдары кісі қолынан өлген қызды тапқанда полиция да келіп, оның денесін Сарыағашпен іргелес жатқан Келес ауданының мәйітханасына алып кеткен. Осы тұста,  әлеуметтік желіде ауыл тұрғындары қаршадай қызды аяусыз азаптап өлтірді деген күдіктіні полициядан тартып алып, өздері жазаламақ болған, деген видео тарады.  Ал полиция департаменті айтулы фактіге қатысты «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалып, тергеу басталғанын хабарлады.

Есенғали Бейсембаев, Түркістан облысы  Сарыағаш ауданы полиция бөлімінің бастығы: «Кәмелетке толмаған қызды өлтіру фактісі бойынша қазіргі таңда ҚР ҚК 99 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қылмысты жасап, мойындап, қазір  уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  Күдікті ретінде жалғыз өзі қамауда».

 Айта кетейік, кісі қолынан асқан қатігездікпен азапталып қаза тапқан 5 жасар Еркежанды бүгін туыстары жер қойнына тапсырды.