Төлебиде шалғай ауылдарға медициналық автобус қызмет көрсетеді

Төлеби ауданында ауылдардағы тұрғындарға медициналық көмек көрсету мақсатында жылжымалы автобус қарастырылған. Медициналық диагностикалық кешенде жалпы тәжірибелік дәрігер, эндокринолог, стоматолог секіді 10-ға жуық маман қызмет етеді. Автобус алғашқы көмек көрсетуге және науқастарды тексеруге арналған құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Медициналық көлікте тіпті арнайы лифт те қарастырылған.

Мукаддас Құрбанова ақ халаттыларға жүрегінің мазалауы мен қан қысымына шағым айтып келіпті. 64 жастағы әйел «жаның ауырған кезде жол жүру де қиынға түседі» дейді. Ол ақ халаттылардың арнайы автобуспен келіп, тексеру жүргізетініне дән риза. Бірінші мамыр ауылының тұрғыны бүгін эндокринолог, отоларинголог және жалпы тәжірибелік дәрігердің қабылдауында болды.

Мукаддас Құрбанова, Бірінші мамыр ауылының тұрғыны: “Жүрек, қан қысымын тексертуге келдім. Рентгенге түсірді. Тексеріп жатыр, рахмет. Қазір қан қысымымды өлшеді, қант тексерді, құлақ пен басты тексерді. Енді дәрігерлер емдеу керек деп жатыр. Барып, дәрігерге көрінеміз енді”.

Отоларинголог Нурпия Төлегенова жылжымалы кешенде науқастарға алғашқы көмек көрсетуге қажетті барлық құрал-жабдықтың бар екенін айтады. Сөзінше, көп жағдайда пациенттер тексерілу үшін емес, түрлі ауруларға шағым айтып келетін көрінеді.

Нурпия Төлегенова, отоларинголог:  “Көбінесе шағымдармен көп келеді. Құлақта шу бар, естімеуіне шағым айтып келеді. Скринингке уақытында түсіп, тексеріліп отыру қажет. Керек кеңестерді беріп жатырмыз”.

Тұрғындар арасында медициналық кешенге алғаш рет келгендер де, үнемі келіп тексеріліп отыратын жандар да бар. Барлығы тек бір ғана пікірде. Жылжымалы автобус – тиімді, пайдалы әрі мүмкіндігі мол.

“Бізге мейірбикеміз үнемі кел деп айтады, өзім келмейді екенмін. Бүгін бірінші рет келіп, таңғалып отырмын. Тамаша екен ғой, арғы жаққа барып, кезек күткеннен. Кішкентай ғана автобус, ішінде бәрі бар, тамаша, дәрігерлері де жақсы”,– дейді Бірінші мамыр ауылының тұрғыны Надира Юлдашева.

“Өте жақсы, көңіліміз толады. Бәрі жақсы қарайды. Әрқашан келеді, дәрігерлері де жақсы. Қалаға барғаннан, бұл жақсы, тегін, тиімді”, – дейді тұрғын Гузаль Сатымбекова.

Сондай-ақ, медициналық диагностикалық кешенде жүріп-тұруы қиын жандарға арнайы лифт қарастырылған. Ал дереу қан талдауын жасату қажет болған жағдайда зертхана бөлімі де жұмыс істейді.

Жылжымалы автобусқа бір күнде 80-ге жуық адам қаралуға келеді. Ақ халаттылар  келуші пациенттер саны кейде тіпті 100-ге жететінін айтады. Дәрігерлер науқастарды толық қарап үлгеру үшін үзіліссіз, кеш қарайғанға дейін қабылдаймыз дейді.  Мамандардың сөзінше, келіп қаралатын пациенттердің басым бөлігі балалар мен егде жастағы жандар.

Нурила Сапарғалиқызы, жалпы тәжірибелік дәрігер: “Сағат 8:30-да аудан орталығынан шығамыз, 16:30-ға дейін науқастарды қабылдаймыз. Бұл жерде лор, хирург, акушер-гинеколог, окулист және тағы басқа дәрігерлер қамтылған. ЭКГ аппараты бар, Рентген, флюрография бар. Ауылдарға күнде шығамыз, арнайы кесте құрылған, сол кесте арқылы жұмыс жоспары құрылады».

Медициналық диагностикалық кешен жыл басынан бері 7000-ға жуық пациент қабылдап үлгерген. Оның 1500-ге жуығында алғашқы анықтаулар тіркелген.