Түркістан облысында 9 тұрғыннан Конго-Қырым қанды безгегі анықталды

2065

Жыл басынан бері Түркістан облысында 1 мыңға жуық адамды кене шаққан. Оның 9-ынан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы анықталған.

Түркістан облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде кене шағу жағдайымен 985 адам медициналық ұйымға жүгінген. Бүгінгі таңда 48  науқас Конго-Қырым қанды безгегіне күдік тудырып, 9 науқастың диагнозы расталған. Олар: Сауран ауданында  – 2 жағдай, Ордабасы, Отырар, Төлеби, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласында 1 жағдайдан тіркелген.

Айта кетейік, Түркістан облысы мал шаруашылығы дамыған өңір болғандықтан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошақ қатарына жатады. Аса қауіпті жұқпалы инфекция адам ағзасына кененің шағуы арқылы енеді. Сондай-ақ, жануарларды күтіп баққан кезде, жануарлардың және науқас адамдардың қанымен жұғуы мүмкін. Бұл ауруға көбіне малшылар, шопандар және мал күтімімен айналысатын, мал өнімдерімен жанасатын адамдар шалдығады.

«Конго-Қырым қызбасы инфекциясының көзі мен табиғаттағы резервуары иксод кенелері. Әсіресе гиалома (Hyalomma) тұқымдасының кенелері ерекше кең тараған,  бұл  кенелердің түрлері барлық жерлерде кездеседі. Ауру маусымдық сипатқа ие, негізінен мамыр-тамыз айларында көптеп тіркеледі. Жыл сайын ерте көктемнен бастап, кенелерге қарсы күрес жұмыстары жүргізіледі. Соған қарамастан адамдар арасында кене шағу жағдайлары орын алуда.  Себебі кенелерді түпкілікті жойып жіберу мүмкін емес әрі тұрғындар сақтық шараларына аса назар аудармайды» делінген ведомство мәліметінде.

Табиғатқа демалысқа шыққанда кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті жақсы қорғалған резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек кию қажет.  Дененің ашық жерлеріне және киімге кене ағзасына кері әсер ететін немесе оны жоюға арналған арнайы акарорепеленттерді, акарицидтерді және жеке қорғану құралдарын қолдану қажет.  Мал қораларыңызды дезинфекциялап, үнемі тазалап отырыңыз.