Енді ем-дом ақысын төлегенде науқастың ЖСН мәліметтері түбіртекте көрсетілуі мүмкін. Қаржы министрлігі осындай талап енгізуді көздеп отыр. Бұл — қаржы ағынын ашық ету үшін жасалған қадам. Алайда сарапшылар тек бақылаумен шектелмей, медицинадағы баға жүйесін ретке келтіру қажет деп есептейді.
Қаржы министрлігі дайындаған жаңа жоба бойынша, медициналық түбіртектерге науқастың ЖСН-ін енгізу көзделуде. Бұл мемлекеттік органдардың деректер базасын өзара байланыстыруға жол ашады. Осылайша, мамандар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінетін әрбір теңгенің мақсатты жұмсалуын қатаң қадағаламақ.
ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ БҰЙРЫҒЫ
«Бұл жобаның басты мақсаты — түбіртекте науқастың жеке сәйкестендіру нөмірін көрсету арқылы медициналық сақтандыру қорындағы ақшаның әрбір тиынын бақылау. Осылайша, есеп-қисап ашық болады, қаржының жасырын жұмсалуына жол берілмейді. Бұл өз кезегінде көлеңкелі экономиканың үлесін азайтады».
Мамандар дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, сақтандыру бар жерде қатаң бақылау болуы керек екенін алға тартады. Мұнда әр тиынның қайда кеткені және әр емнің бағасы айқын болуы шарт. Бірақ сарапшылардың пікірі: жүйені толық жаңартпай, жекелеген ережелерді өзгертумен мәселе шешілмейді.
ВЯЧЕСЛАВ ЛОКШИН, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ: «Қай қызметтің қанша тұратынын ашық белгілеу қажет. Тапсырысты орындайтын емханалар мен ауруханалардың табыс табуына мүмкіндік беру қажет. Олар пайдасыз жұмыс істей алмайды, мекемелер дамуы тиіс. Бұл шығындар, соның ішінде жабдықтардың тозуы да қызмет құнына қосылуы шарт. Қазір біздегі жүйе біржақты болып тұр: бір жағынан талапты күшейтіп, жазалағымыз келеді, бірақ екінші жағынан — мекеменің дамуына, құрал-жабдықты қай ақшаға алатынына бас қатырмаймыз».
Сонымен қатар, сарапшылар дербес деректерді қорғау мәселесін де көтеріп отыр. Мұндай цифрлық механизмдерді енгізу кезінде медициналық ақпараттың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс.
ҚАЙЫРҒАЛИ ҚОНЕЕВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: «Бақылаудың күшейгені дұрыс-ақ, бірақ басты күдік — жеке мәліметтердің қауіпсіздігінде. Құзырлы органдар ақпараттың сыртқа жайылып кетпеуін қалай қадағалайды? Денсаулық — өте нәзік әрі жеке тақырып. Сондықтан кез келген адам өз денсаулығына қатысты мәліметтердің бөгде қолға түспегенін қалайды».
Бұйрық жобасы «Ашық нормативтік құқықтық актілер» сайтына жарияланған. Кез келген азамат 29-сәуірге дейін өз пікірі мен ұсынысын қалдыра алады.
Ботакөз Әнуар






