Úı ANONS «Қазақша сөйлесін!»: Халық қазақшаға шорқақ шенділерді сынға алды

«Қазақша сөйлесін!»: Халық қазақшаға шорқақ шенділерді сынға алды

Шымкентте жаңа Конституцияның мазмұны мен маңызын түсіндіруге бағытталған кезекті жиын өтті. Шара Ақжар ауылының мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оған Тұран ауданының әкімі мен қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Кездесу барысында елдегі саяси реформалар, жергілікті деңгейде атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, тұрғындардың ұсыныстары тыңдалды.

«Парламенттің өзінде, депутаттардың өзінде 30 — ақ пайыз қазақ тілінде сөйлейді. Маған орысша жауап беру ыңғайлырақ деп жатады».

Шымкентте өткен Конституция жобасын талқылау жиыны бұл жолы жай ғана есептік кездесу емес, ашық пікір алаңына айналды. Тұран ауданының тұрғындары үкіметтегі қазақшаға шорқақ шенділерді қатаң сынға алды. Жиналған жұрт жаңа Ата заңда мемлекеттік тілді меңгеру міндеті тайға таңба басқандай етіп жазылу керектігін айтты. Алайда қалалық мәслихат төрағасы бұл пікірлерге қатысты өз уәжін айтып, мәселенің заңдық қырын түсіндіруге тырысты.

БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚАЛА МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Біз мемлекеттік тіл бойынша ешкімді мәжбүрлемейміз. Біз оның қажеттілігін туындатамыз. Мемлекеттік тілді білу қажет болу керек. Зорлық-зомбылықпен біреудің я дінін, я тілін өзгерте алмайсың, олардың барлығы реттеліп жатыр. Қазір мемлекеттік қызмет туралы заңдарға өзгеріс енгізілді. Тесттер бар. Ол тесттер жыл сайын күшейтіліп жатыр»

Жиында пікір айтқан тұрғындар тек тіл мәселесімен шектеліп қалмады. Олар Конституцияға өлім жазасын енгізу туралы ұсыныс та көтерді. Әсіресе балаларға қарсы қылмыс жасағандарға қатысты жаза барынша қатаң болуы тиіс деген талап ашық айтылды.

«Неге біз педофильдерді бағуымыз керек?! Өмір бақи! Ол кастрация жасағанменен оның барлығы біздің бюджеттен тамақтанып отыр. Біздің ақшамыздан, біздің салығымыздан тамақтанып отыр».

Мәслихат төрағасы тұрғындардың пікіріне қатысты өз ұстанымын білдірді. Ол жаңа Конституция жобасында адам құқықтарын қорғау негізгі бағыттардың бірі екенін жеткізді.

БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚАЛА МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Түрмеге түскен азаматтар тек қана жатып, ішіп-жеп жатпайды. Алдағы уақытта, қазіргі жоспарлар бойынша арнайы бағдарламалар бар. Олар күні-түні маңдай тер, қара жұмыс жасайды. Өздері елге өзінің үлесін қостыру керек. Мәжбүрлеп түрмедегілерге. Сол жұмысты күшейтеді»

Жиынның соңғы сөзін Тұран ауданының әкімі алды. Ол атқарылған жұмыстарды таратып айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ асып, бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайтынын, барлығы кезең-кезеңімен шешімін табатынын сендірді.

Лаура Бабас