Ғалымжан Елшібай Қазақстан Журналистер Одағының атқарушы директоры қызметіне тағайындалды

256

«Egemen Qazaqstan» газетінің Түркістан облысындағы тілшісі, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай Қазақстан Журналистер Одағының атқарушы директоры қызметіне тағайындалды.

Бүгін Қазақстан Журналистер Одағының басқарма мүшелері мен қалалық, облыстық филиал төрағаларының қатысуымен zoom форматында жиын өтті. Күн тәртібінде ұлттық журналистикаға ортақ маңызды мәселелер көтерілді. Журналистердің құқықтарын қорғау, елімізде сөз бостандығының сақталуы турасында ұтымды ұсыныстар айтылды.

Басқосу барысында республикадағы филиалдардың жұмысын жандандыру, мүшелік жарнаны жинау мәселелері қаралды. Аталған тақырыптар бойынша біраз ой-пікірлер ортаға салынды.

Одақ құрылымында бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды. Басқарма басшылығының шешімімен Қазақстан Журналистер Одағының атқарушы директоры қызметіне Ғалымжан Елшібай тағайындалды. Ол жауапты қызметті Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағалығымен қоса атқаратын болады.

Бұдан бөлек, Астана қалалық филиалының төрағасы болып Әмір Қасенов бекітілсе, Қостанай облыстық филиалын басқару Александра Серғазиноваға тапсырылды. Одақ төрағасы Сейітқазы Матаев еліміздегі ірі шығармашылық бірлестіктің жұмысына сәттілік тілеп, жаңа қызметке тағайындалған әріптестерін құттықтады.

«Қазақстан Журналистер Одағының атынан басшылық жасау құқығын беріп, жауапты қызметті сеніп тапсырған басқарма мүшелеріне, әріптестерге алғысымды білдіремін. Жүктелген жауапкершіліктің жүгі жеңіл еместігі анық. Отандық журналистика саласында көп жылдан бері шешімін күткен мәселелер жетерлік. Ендеше, Журналистер Одағының жұмысына жаңа серпін әкелуге, ұлттық журналистиканы дамыту жолында тың бастамалар мен жаңа идеяларды іске асыруға бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын» деп жазды Facebook парақшасында Одақтың атқарушы директоры Ғалымжан Елшібай.