Шымкент: Арендалық үйді сатып алуға болады

115

Жастарға мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алудың қандай жолы бар? Баспана кезегінен кімдер шығарылады? Арендалық үйлерді жеке меншігіне өткізіп, сатып алуға бола ма? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева жауап берді.

Қазір көптеген тұрғындар жастар бағдарламасының конкурсы қашан болатынын күтіп жүр, қашан басталады?

Иә, жастар бағдарламасы 2020 жылдан басталған болатын. Сол кезден бастап былтырға дейін бұл бағдарламаға 29 жасқа дейінгі азаматтар қатысса, биыл 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Бұл – қуантарлық жағдай. Биыл 888 азамат конкурсқа қатысып, пәтер ала алады. Қазір құрылыс басқармасынан 444 пәтер қабылданып қойған. Енді қыркүйектің соңына дейін тағы 444 пәтер қабылдау жоспарланып отыр. Содан кейін қазан айында конкурс басталады. Конкурстың құжатын қарау 1,5 айға дейін созылады.

Үй кезегіне қалай тұрады және қандай жағдайда кезектен шығарылады?

Кезекке тұру үшін автоматтандырылған жүйе бар. Сол жерге кіріп ЭЦҚ арқылы өтінім бере алады. Мұнда алғашқы қаралатын шарты ол кісінің Шымкент қаласында 3 жылдан кем тіркеуде тұрмағаны және соңғы 5 жылда сол адамның атында жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Сонымен бірге отбасы мүшелерінің бәрінің табысын қосқанда 3/1 конкурс деңгейінен аспауы керек, яғни 125 767 теңгеден аспауы тиіс. Бізде жыл сайын инвентаризация тексеру жұмысы жүргізіледі. Инвентаризация барысында талапқа сай келмейтін азаматтар кезектен шығарылады. Біріншіден бір адам үйі жоқ кезде кезекте тұрып, кезегі келмей, өзі үй алған жағдайда, басқа мекенжайға көшкен жағдайда немесе статусын жоғалтқан жағдайда шығарылады. Қазір бізге 11 413 азаматтан кезекке қою жайлы өтініш келіп түскен. Электронды түрде өтініш келіп түскен соң біз оны тексерістен өткіземіз. Осы азаматтар ішінде біз 3954 адамды кезекке қойдық. Яғни, 7 мыңнан астам адамды сәйкес келмегеніне байланысты кезектен шығардық.

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы бөлінген қаржыға бюджеттік қызметкерлер үй ала ала ма?

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен үй соғуға қаржы бөлініп жатыр. Ол тек көпбалалы, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ғана бөлініп жатыр. Ал бюджеттік мекемелерде істейтін адамдар үшін арендалық үйге қаржы бөлініп жатқан жоқ. Егер жергілікті бюджет қаржы бөліп, үй соққан жағдайда ғана мемлекеттік қызметкерлерге беріледі. Бірақ бюджет қызметкерлеріне үй берілмей келгеніне 5 жылдай боп қалды. Биыл кезекте тұрған азаматтарға 108 пәтер бөлініп отыр. Оны біз 108 адамға бердік. Енді арасында 20 шақты азаматтың бізбен байланысқа шықпауына байланысты хабар күтіп отырмыз. Егер ол кісілермен байланыс құра алмаған жағдайда келесі тізімде тұрған адамдарға бере береміз. «Келесі жылға мемлекеттік қызметкерлерге үй беріледі» деп айта алмаймын. Бірақ кредиттік үйлер бар. Бізде мысалы «5-10-20» деген бағдарлама ашылды. Бүгінге дейін «2-20-25» деген бағдарлама болған. Бірақ мемлекеттік қызметкерлер бұл бағдарламаның алғашқы жарнасы көп деп өтініш айтқан соң, «5-10-20» бағдарламасын аштық. Бұл жерде 10 пайыздық жарнасын алдын-ала төлеуі керек. Егер алдын-ала төлейтін 10 пайыздық жарнасы болмаса, жергілікті бюджеттен берілетін сертификатқа өтініш бере алады. Егер конкурстан ұтқан жағдайда 1 миллион теңгеге дейін сертификат беріледі. «5-10-20» бағдарламасы арқылы берілетін 540 пәтер қазір «Отбасы банк» сайтында жарияланды. Қазір құжат тапсыруына болады. Бұдан бөлек 678 адамға «5-20-25» бағдарламасы арқылы да үй бөлінді. Бұған да қатыса алатындарын айта кетейін.

Бұрын бюджеттік қызметкерлерге берген арендалық үйді иесі сатып ала ала ма?

2019 жылға дейінгі бюджеттік қызметкерлерге берілген арендалық үйді алған азаматтар тұрып жатқан үйін өзі жекешелендіріп ала алады. Сол үшін Кезекте.кз арқылы өтінім беріп, қалдық құнымен сатып ала алады. Егер қалдық құнын 100% төлеуге жағдай келмесе, 30%-ын құйып, қалған 70%-ын 10 жылға бөліп төлей алады. Бұған ешқандай да пайыз үстемеақы қосылмайды. Осылайша өз атына аударып алуына болады.

Ал жастарға берілген арендалық үйді сатып ала ала ма? Себебі ол кісі тұрған кезегінен шығып қалады ғой?

Иә, бұл мәселе талқыланды. Дәл қазіргі жағдай бойынша жекешелендіруге жатпайды. Себебі ол кісімен келісімшартқа тұрған кезде 5 жылға ғана берілген. Бірақ биылдан бастап 3 жылға ғана берілетін боп шешім қабылданды. Тағы да осы бағдарламаға біршама өзгеріс енгізіліп отыр. Оның алғашқысы сол 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алса, екіншісі осы 5 жылға дейін берілуі 3 жыл болып қысқарды. Және отбасының жиынтық табысын санаушы еді. Ал қазір өтініш берушінің ғана жиынтық табысы 40 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы керек болды. Бұл дегеніміз – соңғы 6 айда жалақысы 138 мыңнан кем болмауы керек. Және ең бастысы соңғы 5 жылда атында үйі болмауы керек.

Толық емес отбасыларға неге аз пәтер беріледі?

Бізге келген пәтерлердің пропорция бөлімі болады. Бірінші кезекте көпбалалы аналарға және жетімдерге бөлінеді. Қазір толық емес отбасыға 76 пәтер таратып жатырмыз. Жыл соңына дейін 505 пәтер келетін болса, тағы 219-ын таратамыз. Бұл тек арендалық болады. Ол кісілер де кредиттік үйге қатысуына болады. Мен қайталап айтамын, «5-10-20» деген өте ыңғайлы бағдарлама. Алғашқы жарнасы жоқ болса да қатыса береді. Одан кейін «Отбасы банк» жинаған ақшасына және шотты қашан ашқанына қараса, биылдың 1 тамызынан бастап азаматтың қай жылы кезекте тұрғанына қарайды. Яғни бұрын кезекте тұрған азаматтардың жеңу ықтималдығы жоғары болады. Және конкурстан өткен соң қаржысы болмаса, бізден 1 миллионға дейінгі сертификат алуына болады.

Шымкент қаласында қанша адам баспанаға кезекте тұр?

Қазір 51 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Оның 12 мыңға жуығы көпбалалы ана. 2 мыңға жуығы жетім, 19552-сі мемлекеттік қызметкер, 17643-ы азамат әлеуметтік осал топтағылар болып отыр. Қазіргі кезде екі жолмен баспаналы болуға болады. Арендалық және кредиттік. Егер азамат «арендалық үйді аламын» десе кезегін күтуі керек. Ал «кредиттік үй аламын» десе, жоғарыда айтқан бағдарламаларға қатыса алады. Егер адамдар банкке барып, кредит алуға мүмкіндігім жоқ десе, мұндай жағдайда да бағдарлама қаралған. Көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған адамдар және жетімдер пәтерінің жалдау ақысының 50%-ын бюджеттен бөлу деген бар екенін айта кетейін. Яғни бұл кісілер өз кезегі келгенге дейін пәтер ақысының 50%-ын үкіметтен алуына болады.

Рахмет. Сөз соңында айтарыңыз болса…

Сізге де рахмет, менің айтарым бар. Қазір тұрғын үй саласында алаяқтар өте көбейіп кетті. «Тұрғын үй басқармасының қызметкерімін» деп хабарласып, «осындай қаржы құйсаңыз, кезексіз үй алып беремін» деп қанша адамның қаржысын алып кетіп жатыр. Мұндайға сенбеңіздер. Себебі кезексіз үй алу мүмкін емес. Кезек қазір электронды түрде жүргізіледі. Оны ешкім жылжыта алмайды. Тіпті бізде де оны өзгертуге құқық жоқ. Бізде тек кезекке қою және кезектен алу ғана құқығымыз бар. Қандайда бір біздің басқарма қызметкерімін деп хабарласқан адамға сенбеуі керек екенін ескерткім келеді. Көбісі ордер беріп жатыр екен. Қазір ордер деген жоқ. Тікелей азаматпен келісімшартқа тұрамыз. Мұндайда азамат өзі келіп, жеке куәлігімен қол қояды. Сондықтан да «алаяқтарға алданып қалмаңыздар» деп айтар едім. Және де арендалық үйде тұратын адамдар төлемақысын уақытылы төлемесе, қарызына өсімпұл жүретінін айтқым келеді. Арендалық үйді алған адамдар алған үйін келесі адамға жалға беретінін біліп жатырмыз. Сондай адамдар анықталып, акт түзіп, құзырлы мекемелерге беріп жатырмыз. Бұл жағдайға да абай болыңыз дегім келеді.