Шымкентте жас журналистерге арналған семинар тренинг өтіп жатыр

118

Шымкентте медиа өкілдеріне арналған тренинг өтіп жатыр. Онда жас тілшілерге білікті мамандар өз тәжірибесімен бөлісіп, түрлі тақырыпта сұхбат өткізуде. Ал шара соныңда қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыстау көзделген.

 

Шымкентте медиа өкілдері арасында семинар тренинг өтіп жатыр. Шара мақсаты — жергілікті БАҚ қызметкерлерін сауатты ақпарат таратуға жол сілтеу. Жиын барысында білікті маман Данияр Алан қатысушыларға блог жазу қыр-сырымен бөлісті. Ол қазіргі қоғам жаңалықты сұрыптауға бейімделіп келе жатқанын жеткізді.

 «Қазір соңғы 2 жылда деп айтайықшы, қоғам әлдеқайда ақпаратты сұрыптай бастады. Бұған дейін қазақша ақпараттың аздығынан қоғам шыққан ақпаратты жұта беретін қазір ақпарат көп, сәйкесінше қоғам да сынмен қарай бастады» — дейді спикер Данияр Алан.

Ал қатысушылар Шымкентте мұндай жиындардың сирек өтетінін тілге тиек етті. Сондықтан бұл жас журналистер үшін үлкен мүмкіндік екенін айтады.

 «Біз бүгін Данияр Алан ағаймен таныстық. Ол кісі бізбен тың ақпараттармен, идеялармен бөлісті. Бұған дейін Алматы, Астанада өтіп жатқан тренингтерге қызығатынмын. Осындай мүмкіндік бізге де берілсе екен деп. Мұндай шараға бірінші рет келіп тұрмын. Өте қуаныштымын қатысып, тың ақпараттарды естіп жатқаныма» — дейді жас тілші Аяулым Леспаева.

Шара барысында республикаға және өңірімізге белгілі БАҚ өкілдері келіп, өз тәжірибесімен бөліседі. Олар жазу өнерінен бастап, ақпаратты ұсыну, тақырып қоя білу, мәліметке анализ жасау сынды тақырыпта сөз қозғайтын болады. Семинардың ұйымдастырушысы бұл медаи өкілдері үшін керемет байланыс алаңы дейді.

«Негізінен біздің аға буын мен жас журналистер арасындағы кездесу сұхбат түрінде өрбитін болады. Біздің мақсатымыз – сапалы контент қалыптастыру. Қазіргі жаңа технологияларды таныстыру. Бағыт әр түрлі. Мысалы тіл тазалығын да алдық журналистикадағы. Қандай кемшін тұс бар соны қозғап жатырмыз» — дейді «Серпіліс» қоғамдық қорының президенті Бейсенкүл Нарымбетова.

«Бүгінгі медиа: Біліктілік және қоғаммен байланыс» семинар тренингі 3 күнге созылады. Кездесу соңында белсенді жастарға сыйлықтар беру жоспарланған.