Премьер-министр Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту үшін қосымша шаралар әзірлеуді тапсырды.
Үкімет басшысының айтуынша, өсімдік шаруашылығында кейбір маңызды мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Мәселен, әкімдіктер заманауи суару технологияларын енгізу жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра алмай келеді. Бұл су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік берер еді.
«Еліміздің құбылмалы климатына бейімделген жергілікті сорттарды өсіруге ерекше көңіл бөлу керек. Бидайдың жаңа сорттарын өсіру жұмыстары нашар жүруде. Аграрлық ғылыми жүйені түбегейлі қайта қарау қажет», — деді Смайылов үкімет отырысында.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңарту мәселесі де өзекті екенін атап өтті.
«Әбден тозығы жеткен техника егіс жұмыстарының сапасына да әсер етуде», -дейді Смайылов.
Осыған байланысты премьер ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңір әкімдіктеріне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша қосымша ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды.
Бұдан бөлек агроөнеркәсіп кешенінің, оның ішінде дәнді дақылдардың отандық селекциясының ғылыми әлеуетін дамыту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу қажет екенін айтты.