Úı Jańalyqtar Әскери техникалық мектеп жұмысының жаңа тәсілдері талқыланды

Әскери техникалық мектеп жұмысының жаңа тәсілдері талқыланды

фото ШГБҚ

 

2026 жылдың қаңтар айының алғашқы аптасында Шымкент қаласында «Әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді даярлаудағы жаңа тәсілдер» тақырыбында оқу-әдістемелік жиын өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектебі» РМҚК Бас директоры, отставкадағы генерал-майор Адылбек Әлдабергеновтің басшылығымен ұйымдастырылып, оған еліміздің барлық әскери-техникалық мектептерінің басшылық құрамы қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – кәсіпорын қызметін бірыңғай жүйеге келтіру, филиалдарда жүргізілетін оқу-тәрбие үдерісіне ортақ талаптар мен заманауи әдістерді қалыптастыру.
Жиын барысында ҚР ҚМ «Әскери-техникалық мектебі» РМҚК-ның 2025 жылғы қызметінің қорытындылары талданып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды.

Сонымен қатар қатысушылар үшін 10-нан астам әдістемелік-нұсқаулық және көрсетілім сабақтары ұйымдастырылды. Жиынның жоғары деңгейде өтуіне 35748 әскери бөлімінің және Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжінің әскери қызметшілері белсенді атсалысты.

– Қатысушылар жиынның ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді. Өткізілген сабақтар әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді даярлау сапасын арттыруға бағытталған нақты тәжірибелік маңызға ие болды, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектебі» РМҚК Шымкент филиалының бастығы Болат Жорабаев.

Жиын аясында оқу-тәрбие жұмысында жинақталған озық тәжірибелер сараланып, әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді даярлау пәндері бойынша заманауи тәсілдер кеңінен таныстырылды.