Шымкент гарнизонында орналасқан әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында қару-жарақ, әскери және арнайы техниканы қысқы пайдалану кезеңіне көшіру жөніндегі практикалық жұмыстар толық аяқталды. Іс-шаралар кешені төмен температура жағдайында машиналар мен механизмдердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталды.
Әскери бөлімнің жеке құрамы маусымдық техникалық қызмет көрсетудің толық көлемін орындады. Әрбір техника бірлігі қысқы кезеңде сенімді пайдалануға мұқият дайындалды.
Дайындық барысында барлық жұмыс сұйықтықтары толықтай ауыстырылды. Қозғалтқыш майлары төмен тұтқырлы синтетикалық және жартылай синтетикалық түрлерге ауыстырылып, теріс температурада өз қасиеттерін сақтап, қозғалтқыш бөлшектерін суықта іске қосу кезінде тиімді майлауды қамтамасыз етеді. Трансмиссия майлары да қысқы түрлеріне ауыстырылды.
Ерекше назар гидравликалық жүйелерге аударылды. Тежегіш және басқару жүйелеріндегі жұмыс сұйықтықтары төмен температурада қатпайтын құрамдарға ауыстырылып, бұл жүйелердің сенімді жұмысын қамтамасыз етеді және мұз тығындарының пайда болуына жол бермейді.
Дайындықтың негізгі бөлігі – алдын ала қыздыру жүйелерін тексеру және реттеу болды. Әскери қызметшілер қозғалтқыштың салқындатқыш сұйықтығын жылытуға арналған сұйықтық қыздырғыштарын және ауа қабылдау жүйесін жылытуға арналған электрфакель құрылғыларын сынақтан өткізді. Экипаж кабиналары мен аппаратура орналасқан бөліктердегі барлық жылыту элементтері жүктемемен тексерілді.
Жүріс бөлігіне де ерекше көңіл бөлінді. Амортизаторлардың, рессорлардың және тежегіш механизмдерінің жағдайы мұқият тексеріліп, ақаулар мен микрожарықтардың бар-жоғы анықталды. Барлық техникаларға қысқы таңбаламасы бар әмбебап шиналар орнатылды. Ілініс және дөңгелек бұрышының реттелуі жүргізілді.
Аккумулятор батареяларының сыйымдылығы мен төмен температурада қуатты сақтау қабілетін тексеру үшін жүктемелік диагностика жүргізілді. Клеммалар мен қосылыс нүктелері тазартылып, тотығуға қарсы арнайы маймен өңделді.
Взвод командирі лейтенант Самат Шыныбектің айтуынша, техниканы қысқы кезеңге сапалы дайындау – оқу-жаттығу және жауынгерлік міндеттердің табысты орындалуының, сондай-ақ бөлімшенің жоғары жауынгерлік әзірлігін сақтаудың кепілі.
– Төмен температура жағдайында техниканың сенімділігі дер кезінде қызмет көрсету мен дұрыс дайындыққа тікелей байланысты. Жеке құрам барлық жұмыстарды адал әрі белгіленген мерзімде орындап шықты. Бұл бізге қысқы кезеңді еш кедергісіз, сенімді қарсы алуға мүмкіндік береді, – деді лейтенант Самат Шыныбек.
Барлық іс-шаралар командир белгілеген мерзімде және толық көлемде орындалды.
Техниканы қысқы пайдалану режиміне көшіру әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінің жоғары жауынгерлік әзірлігін сақтаудың маңызды шарты болып табылады. Жүргізілген жұмыстар қысқы кезеңде техниканың сенімді жұмысын және оқу-жаттығу мен арнайы міндеттердің табысты орындалуын қамтамасыз етеді.







