Шымкенттік полицейлер 3 тұрғынды ажалдан арашалап қалды

81

Шымкенттік полицейлер ерлік көрсетіп, тұрғындар өмірін сақтап қалған. Батырлардың бірі 11-қабаттан секіргелі тұрған қызды құтқарса, енді бірі 2 адамды ажалдан арашалады. 

Өткен аптада шымкенттік тұрғын 11-қабаттан секіріп, өз-өзіне қол салмақ болған. Мұны көрген тұрғындар оны уақытша алдандырып тұрса, ал жедел жеткен полицей Нұржан Айдаров бірден сөзге тартыпты. Көңілі басқа жаққа ауған сәтте тәртіп сақшысы әйелді балконнан көтеріп, жерге түсірген. Ол сол мезетте құтқарып алуға үлгермей қалам ба деп қатты уайымдағанын айтады.

«Бұл жерде секундтар шешеді ғой. Су беріп көрдім, алмады. Суды берген кезде тартып аламын деп ойлағанмын. Жәй жақындап көріп едім. «Ары тұр деп» өзіне жақындатпады. Бір сәтте дуалға қарап еді. Сол кезде 1-2 метрлік жерден тез қимылдап тартып алдым. Сол кезде стресстен бе білмеймін, бірден талып қалды. Содан соң коридорға жатқызып, алғашқы медициналық көмек көрсеттім»,-дейді Шымкент қаласы ПД қызметкері Нұржан Айдаров.

Құтқаруға қатысқан барлық қызметкерлерге мақтау қағазы табысталды. Ал Нұржан өзін батыр санамайтынын, бұл қызметтік борышы екенін жеткізді.

 «Генерал алып кетпесін. Тұрар мен біздің учаскелік полицей өте жақсы қызметкер. Олар мұндағы болып жатқан мәселенің бәрін біледі. Мұнда осындай жігіттердің арқасында қылмыс азайды. Өте жақсы жігіттер»,- дейді қала тұрғыны.

Ал 46-шы полиция бөлімшесінің қызметкері Тұрар Артықбаевты өз аумағында барлық тұрғын таниды. Олар тіпті жігітті басқа жаққа ауыстырып жібере ме деп уайымдайтын көрінеді. Бүгінгі күннің батыры Тұрар екі адамды өлімнен сақтап қалыпты.

«Қызды кездесуге шақырған. Бірінші жездесімен сөйлестірген. Ол қыздың жігітімін деп айтқан екен. Содан ана бала қызғанып, екеуін де өлтірмекші болған. Барсақ қыз бен жездесі екеуін тізерлетіп отырғызып қойған. Оған қаруыңды таста деп айттым. Тастамады. Сол сәтте бірден күресіп кеттік. Содан кейін бір кезде ол мені атып жіберді. Оқ менің ішіме тиді. Күдікті оқиға орнынан қашып кетті. Бірақ кейін ұсталып, жазасын алды»,-дейді Шымкент қаласы ПД-нің қызметкері Тұрар Артықбаев.

Шымкентте мұндай батырлар аз емес. Ал Тұрарға ерлігі үшін «Айбын» медалы табысталған. Айта кетейік, соңғы статистикалыөқ мәлімет бойынша қалада қылмыс саны 47 пайызға төмендеген.