Отан алдындағы борышын өтеген теңіз жаяу әскерінің сарбаздары өңірге оралды. Ақтау қаласындағы бригадада бір жыл қызмет еткен жиырмадан астам азаматты туған-туыстары мен әскери оркестр салтанатты түрде күтіп алды. Теміржол вокзалындағы тебіреніске толы сәт келесі бейнематериалда.
Шымкент теміржол вокзалының алаңындағы бүгінгі көңіл-күй ерекше. Себебі, Каспий жағалауындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасында қызмет еткен 27 сарбаз туған жерге оралды.
«Полковник мырза 390-шы вендік гвардиялық Александр Невский және Михаил Кутузов 3-ші дәрежелі орденмен марапатталған теңіз жаяу әскерлері бригадасы 25744 әскери бөлімінің Шымкент қаласындағы 27сарбазы отан алдындағы борышын адал атқарып келді».
Осыдан бір жыл бұрын дәл осы жерден аттанған жігіттер бүгінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, нағыз ер азамат болып қалыптасқан. Солардың бірі – Жансерік Қасымханұлы.
ЖАНСЕРІК ҚАСЫМХАНҰЛЫ: «Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Себебі өзімнің жеріме, туған бауырларыма оралып, отан алдындағы борышымды аман есен өтеп келдім. Құрметті жастар, сіздерде әскерге барыңыздар».
Ресми рәсім аяқтала салысымен, сарбаздар жақындарымен қауышты. Бір жыл бойы ұлының жолын тосқан аналар мен бауырын сағынған әпкелерінің қуанышында шек жоқ. Жыл өте жүздескен жақындар, құшақтасып, осы бір жылы сәтте естелікке суретке түсіп мәре-сәре болды.
АРАЙЛЫМ ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ: «Бауырымның келгеніне өте қатты қуаныштымыз. Әне міне дегенше 1 жыл өтіп кетті. 25744 әскери бөлімінде отан алдындағы борышын атқарып келді».
Шымкент гарнизонының өкілдері мұндай салтанатты қарсы алу — өскелең ұрпаққа нағыз патриоттық тәрбие береді дейді. Сағыныш пен мақтанышқа толы бұл сәт вокзал басындағы әрбір жолаушыға да ерекше рух сыйлады.
Ботакөз Әнуар






