Қазақстанда 2024 жылдың наурыз айынан бастап табиғи және автогаз бағасының өсуі күтіледі. Баға әрине, қатты қымбаттамайды. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Ол қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, мегаполистің қашан толық газдандырылатынын айтты.
Елімізде табиғи және автогаз тұтынушылары көбейіп келеді. Соған қарамастан көгілдір отынның бағасы әлі де тұрақты. Бірақ, баға қымбаттайды дейді энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов. Баға шамамен 2024 жылдың наурыз айында өсуі мүмкін, қазір барлығы жан-жақты сараланып жатыр. Дегенмен, вице-минстр газ құнында өзгерістер сөзсіз болатынын атап өтті.
«Сұйытылған газ бағасы екі рет көтеріледі. «Неге?» десеңіз, бензин мен сұйытылған газ арасында баға айырмашылығы көп. Қазір қарасаңыз, Шымкент қаласында 1 литрі 64 теңге болса, ал АИ-92 бензин бағасы 205 теңге болып жатыр. Айырмашалық – 140 теңгеден асады. Осы жылдары тұтыну 70 пайызға өсті. Бұл жақсы деп есептемеймін. Себебі, тұтыну өскенімен, өндіріс өспейді. Сол себепті тапшылық болады. Сол үшін Үкіметте осындай заң нормалары қабылданды. Газдың бағасы өсуі тиісті деп санаймыз«, — деді ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов.
АИ-92 жанармай бағасы мемлекетпен реттеледі. Шекті баға — литріне 205 теңге дейді вице-министр. Алайда, АИ-95 бензинін нарық реттейді. Сондықтан, бұл саладағылар бағаны өз бетінше белгілеуге құқылы. Газ тасымалдаушылар Ерлан Ақкенженовке автогаз бағасын қымбаттатуды сұрап, қазіргі баға жеткізушілер үшін тым тиімсіз екенін айтты.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика вице-министрі: «Бізде бәсекелестікті қорғау агенттігі бар. Солар бағаны санаған кезде, көтерме бағаны өзгерткен кезде, сізде ескі бағамен запастарыңыз болса, заң бойынша ескі запастарды сатқанша сіз жаңа бағаны іске асыра алмайсыз. Ал жаңа запас келген кезде жаңа бағаны енгізесіз«.
Вице-министрдің тұрғындармен кездесуі сұрақ-жауапқа ұласты. Кездесуге келгендер жанар жағармай мен табиғи газ инфрақұрылым жүйесіне байланысты сұрақтарын қойды. Ерлан Ақкенженов көтерілген барлық мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында екендігін атап өтіп, проблемаларды толық және уақтылы шешуге бар күшін салатындығын айтты.