Ордабасы ауданындағы ауылдың екі тұрғыны бір қора малды бір түнде оп-оңай ұрлап кеткен.
Полиция бөліміне жергілікті тұрғын мал ұрлығы жөнінде шағымданған. Ер адамның айтуынша, әрқайсының құны 70 мың теңге тұратын 25 бас қошқарын белгісіз біреудің ұрлап кеткен. Жәбірленушіге 1 млн 750 мың теңге шығын келген.
Жедел жүргізілген іс-шараларының нәтижесінде күдікті ретінде жұмыссыз жүрген 35-36 жастағы екі ер адам ұсталды. Олар көрші ауылдың тұрғындары болып шықты.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер түнгі сағат 3-тер шамасында жәбірленушінің қора жайына заңсыз кіріп, қорада тұрған қошқарларын айдап алып кеткен. Содан бір қора малды үйіне алып келіп, таныс туысына сатып жіберген. Ал одан түскен ақшаны өзара бөліп алған. Сондай-ақ тексеру барысында екі күдіктінің бұрын сотты болғандары анықталды.
Тәртіп сақшылар ұрланған қошқарларды тауып, заңды иесіне қайтарды.
Қазіргі таңда екі ер адам қамауға алынып, ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.