Úı ANONS Көшпелі кездесу Тұран ауданында өтті

Көшпелі кездесу Тұран ауданында өтті

Мегаполис әкімі Ғабит Сыздықбековтің кезекті кездесуі Тұран ауданында өтті. Жиынға келген  жұртшылық тарапынан жол сапасы, қоғамдық көлік қозғалысы, ауыз су, жарықтандыру және абаттандыру мәселелері бойынша сұрақ қойылды. Кейбір мәселелер сол жерде шешімін тапса, күрделі жобаларды зерделеу керек екені айтылды. Ал оған қатысты қала басшысы жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Қала әкімінің Тұран ауданы тұрғындарымен кездесуі Абай саябағында басталды. Мұнда жиналған жұртшылық коммуналдық түйткілдерді алға тартты.

«6 жылдан бері газ мәселесі шешілмейді. 12 көше жаңадан салынды. Өте жақсы сіздердің еңбектеріңізбен. Жарық бар, бәрі бар. Сол газ 10 пайыз халыққа жекеменшік деп қоспай отыр».

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Қазығұрт, Құрсай. Жаңадан салынған тамдар деп айтсаңызшы. Иә сол тамдарға жетпегені рас. Қай көшелерге түспегенін білесің ғой иә? Жер-ана жақта иә. Ол жерде қазір сөйлесіп көреміз. Биылға бар ма? — Жоспарға енген. Қараймыз. — Жұмысты қай кезде бастаймыз. — Экспертизада. — экспертиза құжатын дайындау ақсақал біраз уақыт алады. Күте тұрыңыздар. Биыл жоспарда бар екен. Бірақ жақын арада бірден бітеді деп айта алмаймын. Экспертизадан шықсын»

Тұрандықтар қоғамдық көлікке қатысты проблеманы көп көтерді. Атап айтқанда, Қазығұрт шағынауданында жаңа аялдамада автобустардың тоқтамауы тұрғындарды алаңдатып отыр.

«Мүсірепов көшесінде тұрамын. Сіздің рұқсатыңызбен аялдама қойылған. Оған мүлде автобус тоқтамайды. —  Дұрыс түсінбеушілік болған шығар. Аядлама қойған соң мүмкін емес қой. Неге аялдама қойылады. Автобус тоқтамайды».

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Апа, түсіндік. Сәл қазір уақыт беріңізші. Аялдама қойылған соң, маршрут та қойылады. Сәл».

Кездесу кешкісін «Изуми» сауда үйі маңында жалғасты. Онда көпқабатты үйлердің жай-күйі мен әлеуметтік қолдау мәселелері сөз болды. Наурыз шағынауданындағы бесқабатты тұрғын үйдің қабырғасына түскен сызат та назардан тыс қалмады. Тұрғындар баспананың беріктігіне алаңдаулы.

«Үйімізде 5 қабаттан 1 қабатқа дейін жарық түскен. Біздің үй Наурыз-1 шағынауданында А.Байтұрсынов пен Т.Рысқұлов көшесі бойындағы 5 қабатты үй. 92 жылы үйді салған. Сол кезден бері тұрамыз. Қазір кімге жүгінетінімізді білмей жатырмыз. Бұған дейін Тұран аудандық әкімдікке барғанбыз. Әлі сол күйі».

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Қазір маған келіп арызданып тұрсыздар. Жауапты маманға түсіндіріп айтыңыз. Бірге барып тексереді. Сараптамаға жібереді. Содан кейін барып шешуге тырысамыз»

Бұдан бөлек, ерекше балаларды оңалту орталықтарына орналастыру жайы сөз болды. Ата-аналардың айтуынша, мемлекеттік мекемелерде бос орын көп болғандықтан, арнайы көмекті қажет ететін балаларға  бұрын барып жүрген жекеменшік орталыққа жолдама берілмей отыр.

ЖАННЕТА ЖАЗЫҚБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «50 орынға ерекше балаларға орталық ашылған. 30 психоневрологиялық, 20 тірек қимыл бұзылысы бойынша. Менің орталығымен тірек қимыл бұзылысы бар балалар кіре алмайды екен. Ата-аналары барып сұраса,  мемлекеттік мекемелерде орын толмай сіздің мекемеге ДЦП балаларға орын жоқ депті. — Бұл кісілер сізге барғысы келіп жатыр ғой иә? —  6-7 жыл болды осы кісіге барып жүргенімізге. Өткенде сұрасам, ол кісіге барсаңыздар ақылы барыңыздар дейді. — Жақсы, қазір жағдайды білейін. Қазір екінші жақты тыңдайық. Содан кейін барып, шешім қабылдаймыз жақсы ма?».

Аталған мәселе бойынша кездесу барысында нақты шешім қабылданған жоқ. Қала басшысы жағдайды жан-жақты зерделеуді жауапты басқармаларға тапсырды. Бұл жайында қосымша ақпарат редакция назарында болады.

Әсел Мәлік