Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының экс-басшысы Мұхтар Қоқанбаевқа 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұрынғы шенеунікті лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныды.
«Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Шымкент қаласы бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Мұхтар Қоқанбаевты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, оған 3,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Айта кетейік, мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға жәрдемдескені үшін ЖШС өкілінен 13 млн. теңге алу кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен ұсталған Қоқанбаевты бірінші сатыдағы сот ақтаған болатын», -деді өз жазбасында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қалалық департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин.
Айта кетейік, экс-басқарма басшысы алдымен сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталып, кейін іс қызметін асыра пайдалану бабына ауыстырылған еді. Өткен жылдың қарашасында оған қатысты үкім шығарылып, Мұқтар Қоқанбаев ақталған болатын.