Оқушылар әжетханада білім алуда

300

 Түркістан облысындағы оқушылар әжетханада білім алуда. Себебі Келес ауданындағы ескі мектепте сынып жетіспей жатыр. Сондықтан білім ошағының басшысы бос жердің бәріне парта қойып, балаларды үш ауысыммен оқытып отыр екен. 35 жылдан бері жөндеу көрмеген мектептің төбесінен де су сорғалап тұр. Салдарынан ғимарат сыз тартып, қабырғалары көгеріп кеткен.

Келес ауданы, Қауыншы ауылында жалғыз мектеп бар. Оның өзінің төбесі тесік. Жауынды күндері сыныптарды су басады. Сондықтан, оқушылар жауын тимейтін жерлерге жайғасады. Ал, парталардың жан-жағында су жинайтын ыдыстардың тұруы ұстаздар үшін де, шәкірттер үшін де үйреншікті көрініске айналған.

Айтбек Дүйсен, мұғалім: «Осылай шелек қойып қоямыз тамып жатқан жерлерге. Төбені көріп отырсыздар апаттық жағдай. Мына терезенің жақтауларын қарасаңыздар сылақтары түсіп бастаған. Оқушылардың басына  тиетін болса ол өміріне де қауіпті. Сабақ оқуға да кедергі жасайды. Көгеріп кетіп зәктің иісі бар. Оқушылар сыныпқа келгенде демалуға ауа жұтуға қиналады».

Үнемі ылғалда тұратын ғимараттың қабырғалары көгеріп, мектеп ішін жағымсыз иіс басқан. Мұндағы парта мен тақталары да Кеңес үкіметінен қалған. 1986-шы жылы салынған білім ордасы содан бері жөндеу көрмепті. Сондықтан әбден тозығы жеткен ғимаратты мұғалімдер жыл сайын өз күштерімен жамап әлекпіз дейді.

Мектептің спорт залын аудандық шенеуніктер осыдан он жыл бұрын апатты деп таныған екен. Бірақ, содан бері титтейде жөндеу көрмеген. Ал, жауын-шашын түскен күндері оқушылар денешынықтыру пәнінде қолшатыр қолдануға мәжбүр. 300 орындық мектепте 700 бала білім алып жатқасын, сынып жетіспейді. Сондықтан кез-келген бос бұрыш оқу кабинетіне айналған. Тіпті, қойма мен әжетханаға дейін парта қойылып, оқушылар үш ауысыммен оқып жатыр. Ал, мектептің жай-күйіне күйінген ата-аналар ұл-қызын оқуға жіберуге қорқатын болған.

Сейілхан Аманбердиев, Қауыншы ауылының тұрғыны: «Бүкіл ауыл тұрғындары қазіргі ұстанып отырған шешімі яғни мынау мәселе шешілмейтін болса біз балаларды мектептке жібере алмаймыз. Өйткені жаңағыдай қауіп бар, құлап кетуіне де ешкім кепілдік бермейді, тоқ соқпауына да ешкім кепілдік бермейді. Мынаның бәріне де баланың денсаулығы, амандығы керек».

Мектеп басшылығы ғимаратқа күрделі жөндеу қажет екенін шенеуніктерге он жылдан бері айтып келеміз дейді. Ал, аудандық білім бөлімі бар мәселе қаржыға тірелетінін айтады.

Бақтияр Әбдиев, Келес ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы: «Бұл жерде енді біз сметалық құжатты осы жердің азаматы бар кәсіпкер, сол демеушілік есебінен бір айдың ішінде бітіріп берем деді құжатты. Кешегі күні сөйлестік.

–Қанша ақша керек?

– Енді айтып жатырмын ғой сметалық құжатқа 11 миллион теңге керек.

–Нақты несін істеуге?

– Түгел, қабырғасы, іші-сырты, едені, шатыры бәрін».

Енді бір айда құжаты жасалса биылдан қалдырмай бюджеттен күрделі жөндеуге қаржы сұратамыз дейді. Бірақ, ақшаның дереу бөлінер-бөлінбесі тағы белгісіз.

Гүлдана Дәурен