Сарыағашта құс фабрикасынан 1800 дана жұмыртқа жымқырған жұмысшылар ұсталды.
Полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, құс фабрикасындағы қоймасынан белгісіз біреулер 1800 дана жұмыртқаны ұрлап кеткен. Келтірілген шығын — 150 мың теңге.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікке ілінген көлік анықталып, тексерілді. Көлік ішінде үш ер адам болған, жүк салғышта шелектерге салынған тауық жұмыртқалары табылған. Олар 30-35 жас аралығындағы сол фабриканың жұмысшылары болып шықты.
Полиция хабарлауынша, күдіктілер күндізгі уақытта 10 шелектен артық жұмыртқаны дайындап кетіп, түнгі уақытта қоймадан алып шыққан.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.