Түркістанға Франциядан асыл тұқымды жылқылар жеткізілді

282

Түркістан қаласында көшпенділер ойындары көрсетіледі. Ол үшін Парижден арнайы алдырылған асыл тұқымды, қолға үйретілген жылқылар Түркістанға жеткізілді. Франция елі мен Қазақстанның өзге де өңірлерінен әкелінген 33 жүйрік ат «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешенінде 3D-графикасын қолдана отырып ұсынылатын театрландырылған қойылымға қатысады.

Францияның жылқы өсіру зауыты Қамбар ата төлін өсіруде дәстүрлі тәсілдермен қоса инновациялық технологияларды қолданады. Сәйгүліктерді салт жүріске үйретеді. Түркістан төрінде көшпенділер өркениетін көрсету үшін қолға алынған «Аттар шоуы» кезінде ашық аспан астында цирк өнері мен отты шоу көрсетіледі. Оларды баптауға арнайы дайындықтан өткен мамандар атсалысуда. Көпшілікке ұсынылатын шоу бағдарламаның арнайы кестесі бекітілуде.

Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралап, атқарылған жұмыстарды бақылады. Туризмнің негізгі ошағына айналатын «Керуен сарай» кешенінде болған облыс әкімі ондағы жұмыс барысын пысықтады. Көрермендерге арналған алып аренаны аралап, көгалдандыру жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда күрделі құрылыс аяқталған.

Аймақ басшысы мәдени-рухани орталықта орналасқан ғылыми-әмбебап кітапханада жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Жалпы аумағы 8500 шаршы метрге жететін үш қабатты ғимаратта 400 орындық оқу залы, 250 мың кітап қоры болады. Облыс басшысының тапсырмасымен кітапхананың ішкі қабырғалары әйнекке ауыстырылып, заманауи техникамен жабдықталуда. Жиһаздар орнатылуда.

Өмірзақ Естайұлы «Тұңғыш Президент саябағында» болды. Ислам бағы негізінде бой көтерген демалыс аумағы 40 гектарға жуық. Саябақтағы жасанды көлге су келді. Ол үшін су ұңғымасы мен резервуар салынды. 7 мыңға жуық ағаш отырғызылған бақта жаяу жүргіншілер жолдары салынып, кіші сәулеттік мүсіндер орнатылған. Саябақтың бас қақпасы мәрмәрмен қапталған.

 

QAINAR KÓZ Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі