Ветеринарлардың жалақысы көтерілді

47

Түркістан облысында ветеринария саласында жұмыс істейтін 1976 қызметкер бар. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, ветеринарларды жан-жақты қолдау, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары жанданды.

Жұмыстар нәтижесінде тұңғыш рет өңірдің қызметте үздік әрі белсенді ветеринарлары кәсіподақ тарапынан ұсынылған 50 пайыз жеңілдікпен Сарыағаштағы шипажайға емделуге жіберіліп жатыр.
«Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «Сарыағаш» шипажайы арасында келісімшарт жасалған. Бұл бастаманы ветеринарлар жылы қабылдады. Жауапты да, қиын салада қызмет ететін азаматтардың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
– Облыс басшылығының қолдауымен ветеринария саласын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы дамыған өңіріміз үшін бұл саланың маңызы өте зор.
Оған қоса, біздің мамандар жұқпалы, жұқпалы емес аурулардың алдын алу үшін үй жануарларына, төрт түлікке вакцина салу, қан алу, ит аулау, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын атқарады. Қауіпті инфекциялармен бетпе-бет кездеседі. Сондықтан қолдау көрсету маңызды. Облыста 2 мыңға жуық маманымыз, 17 филиалымыз бар. Жұмыстар жоспарға сай атқарылып жатыр, – дейді «Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Ғани Құрманбай.
Былтыр облыстағы ветеринарлардың жалақысы 25 пайызға көтерілді. Биыл да жалақыны көтеру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мамандарға қажетті дәрі-дәрмектер, арнайы киімдер де жеткілікті. Өңірде Ветеринария басқармасы құрылды.
Тағы бір айта кетерлігі, еліміз бойынша алғаш рет Түркістан облысында ветеринария саласының өкілдеріне арналып, арнайы ән жазылды. Әннің авторы – Жақсылықов Нұрсұлтан, сөзін жазған – Баянбай Ахметрасул. Мұрат Менлібаев шырқаған ән бүгінде сала мамандары арасында оң бағаға ие болып отыр.