Шымкентте қаржылық сауаттылықты арттыру курсы басталды

«Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру курсы басталды. Ел бойынша жүзеге асырылатын жоба 24 желтоқсанға дейін жалғасады. Бағдарламаның мақсаты мен пайдасы қандай? 

Елімізде қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған курс басталды. «Қарызсыз қоғам» жобасының оқу мерзімі 5 күн, ал оқыту тегін жүргізіледі. Дәрісте қаржылық тәуелсіздік, шығындарды басқару, қаржылық жоспарлауды үйрену, ыңғайлы шартта несие таңдауды үйретеді.

«Түске дейін оқытылады, түстен кейін жеке консультация. Біреудің проблемасы бар, енді алған қарызынан құтылу. Екіншісі қарыз алайын деп жатқан азаматтарға осы біздің бекітілген сарапшылар өздерін жеке қабылдап әрқайсысымен жұмыс жасайтын болады. Жалпы мақсаты – халықтың арасында қаржылық сауаттылықты арттыру. Екінші мақсаты – осындай тығырыққа келген азаматтарға ары қарай кеңес беру. Келесі қадам қандай болғаны дұрыс деген мәселелерді қарайды», – деді «AMANAT” партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.

Сондай-ақ, оқыту шеңберінде қаржы сарапшыларымен жеке кеңестер өткізіледі. Қатысушыларға өз ісін ашуға мемлекеттік гранттық және несиелік бағдарламалар бойынша бизнес-жоспар құруға көмектеседі. Өткен жылы басталған пилоттық жоба аясында 65 мыңнан астам адам білім алған. Қатысушылар түске дейін мамандардан тәлім алса, түстен кейін жеке мәселелері бойынша кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.

«5 ауданда болады – Қаратау, Еңбекші, Тұран, Әл-Фараби, Абай аудандарында. Әр аудан бойынша жергілікті әкімідікке барып, бізге тіркелуге болады. Оқу бес күн болады, тегін, түске дейін біз сіздерге қаржылық сауаттылықтың мәнін-мақсатын, үй жағдайындағы бюджеттарды түснідірсек, түстен қаржы сарапшысымен кеңес өтеді«, -деп мәлімдеді «Қарызсыз қоғам» жобасының Шымкент қаласы бойынша қаржы сарапшысы Мақпал Шеңгелбаева.

Биыл Шымкент қаласында жоспар бойынша 150 мыңнан астам адамды қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өткізу жоспарланып отыр. Өңірге бекітілген менеджерлер мен қаржы сарапшылары тұрғындарын оқытуды жүзеге асырады. 5 ақпаннан басталатын жоба 24-желтоқсанға дейін жалғасады.